Бейбіт атом: Қазақстан ғылыми инфрақұрылымды күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — Ядролық физика институтының Астана филиалында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің қатысуымен Ғылым қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтті.

Бейбіт атом: Қазақстан ғылыми инфрақұрылымды күшейтпек
Фото: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Іс-шара аясында Ядролық физика, радиациялық материалтану, иондық-сәулелік технологиялар, сондай-ақ атом саласындағы отандық ғылым мен технологиялық құзыреттілікті дамыту үшін маңызы бар қолданбалы зерттеулер саласындағы филиал жұмысының негізгі нәтижелері ұсынылды. Институттың маңызды ғылыми-технологиялық қондырғыларының бірі ретінде ДЦ-60 үдеткіш кешеніне ерекше назар аударылды.

Алмасадам Сәтқалиев филиал қызметкерлерін Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, олардың еліміздің ғылыми әлеуетін дамытуға, білікті мамандар даярлауға және атом энергиясын пайдалану саласындағы Қазақстанның зерттеу базасын нығайтуға қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті. Ол ғылымның, заманауи зерттеу инфрақұрылымының және кадрлық әлеуеттің дамуы елдің технологиялық болашағы үшін стратегиялық маңызы бар екенін алға тартты.

Бейбіт атом: Қазақстан ғылыми инфрақұрылымды күшейтпек
Фото: ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Кездесу барысында Агенттік төрағасы ғылыми қызметті мемлекеттің, экономиканың және қоғамның практикалық қайтарымы мен нақты қажеттіліктеріне одан әрі бағдарлау қажеттігін ерекше атады. Мемлекет басшысы тапсырма бергендей, ғылым неғұрлым қолданбалы міндеттерге көшуі, қоғамға нақты пайда әкелуі, нақты нәтижелілікті қамтамасыз етуі және экономика мен өндіріс сұраныстарымен тығыз байланысты болуы тиіс екендігі атап өтілді.

— Сондай-ақ ғылыми үдерістерге жасанды интеллект технологияларын енгізу перспективаларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ЖИ-ді еңбек сыйымдылығы жоғары және қайталанатын операцияларды қысқарту, зерттеулердің жекелеген кезеңдерінде адам-сағатты азайту, ғылыми ақпаратты өңдеуді автоматтандыру, халықаралық жарияланымдарды жүйелеу, мамандандырылған дерекқорлар қалыптастыру, сондай-ақ ғылыми эксперименттерді модельдеу, талдау және сүйемелдеуде заманауи цифрлық шешімдерді қолдану мәселелері сөз болды, — делінген агенттік хабарламасында.

Бұдан бұрын «Ядролық технологиялар паркі» Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің қарамағына өткенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар