Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев Португалиядағы турнирдің екінші айналымына өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев Оэйраш (Португалия) челленджер турнирінің екінші айналымына өтті.

Әлемнің 174-ракеткасы Бейбіт Жұқаев бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 282-орында тұрған бельгиялық Готье Онклинмен өткізді.
Тартысты өткен ойында қазақстандық теннисші екі тай-брейкте таразы басын өзіне аудара алды – 7:6 (7:3), 7:6 (9:7).
Екі сағат 22 минутқа созылған матчта Бейбіт 9 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Эйс жасамаған Онклин 12 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 177-ракеткасы Денис Евсеев рейтингіде 211-сатыдағы аустриялық Лукас Ноймайердің мысын басты – 3:6, 7:5, 6:0. Екі сағат 6 минутқа созылған бәсеке барысында Евсеев 4 эйс жасап, 17 брейк-пойнттың 9-ын мүлт жібермеді. Ноймайер 1 эйс, 6 брейктен (13 брейк-пойнт) аса алған жоқ.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған әлемнің 223-ракеткасы Дмитрий Попко алғашқы айналымда рейтингіде 182-орындағы бразилиялық Густаво Хейдеге жол берді – 1:6, 2:6.
Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 150-ракеткасы, америкалық Патрик Кипсонмен таласады. Ал Денис Евсеев әлемнің 124-ракеткасы, тағы бір америкалық Эмилио Нава немесе рейтингіде 790-сатыдағы италиялық Якопо Берреттинидің қай жеңгенімен кездеседі.
Қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде Б.Жұқаев – 169, Д.Евсеев 174-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 12 қазақстандықтың жасөспірім әлемдегі ТОП-100 теннисшінің қатарына енгенін жазған болатынбыз.