Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев Португалиядағы жарыстың іріктеу сайысын сәтті өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисшілер Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев Оэйраш (Португалия) челленджер турниріне жолдама алды.

Әлемнің 244-ракеткасы Бейбіт Жұқаев іріктеу сайыстарының жартылай финалында нидерландылық Мик Вельдхеерді қапы қалдырды – 7:6 (7:5), 6:3.
Бүгін Бейбіт іріктеу сайыстарының финалында 348-сатыдағы германиялық Кристоф Негритуды жолдан тайдырды – 7:6 (7:4), 6:4.
Бір сағат 35 минутқа созылған бәсеке барысында Жұқаев эйс санын 17-ге жеткізіп, 2 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Әлемнің 249-ракеткасы Денис Евсеев әуелі рейтингіде 367-орындағы үндістандық Сасикумар Мукундты 6:4, 6:3 есебімен ұтты.
Содан кейін рейтингіде 514-сатыдағы португалиялық Тиаго Перейрамен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда жергілікті теннисші 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде Денис есе қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Евсеев 4:0 есебімен алға кеткенімен, Перейраны жақындатып алды. Дегенмен өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта Евсеев эйс жасамағанымен, 13 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Перейра 5 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Б.Жұқаев пен Д.Евсеев негізгі турнирге өтті. Олардың қарсыластарын кейін белгілі болады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 197-ракеткасы Дмитрий Попко Оэйрашта жарысты бірден негізгі додадан бастайды. Оның алғашқы айналымдағы қарсыласы – әлемнің 120-ракеткасы, бельгиялық Рафаэль Коллиньон.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Әмір Омархановтың үшінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.
Елена Рыбакина бапкерсіз қалды.