Бейбіт Жұқаев Шанхайда камбэк жасап, екінші айналымға өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 218-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Шанхай (Қытай) челленджер турнирін сәтті бастады.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 510-орында тұрған жаңазеландиялық Аджит Райды жолдан тайдырды.
Бірінші партияда Рай басымдылық танытты — 6:2. Содан кейін Жұқаев ойын тізгінін қолына ала білді — 6:3, 7:6 (7:3).
Екі сағат 8 минутқа созылған бәсеке барысында Бейбіт 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Рай 4 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 160-ракеткасы, Чили өкілі Томас Барриоспен таласады.
Шанхай додасы 8 қыркүйекте мәресіне жетеді.
Қазақстандық, әлемнің 181-ракеткасы Дмитрий Попко Генуя (Италия) челленджер жарысының алғашқы айналымынан аса алмады. Ол тартысты ойында рейтингіде 127-сатыдағы колумбиялық Даниэль Элахи Галанға жол берді — 5:7, 7:5, 3:6.
Сонымен қатар Ыстанбұлдағы (Түркия) дәл осындай турнир Михаил Кукушкин мен Денис Евсеев үшін сәтсіз болды. Әлемнің 117-ракеткасы М.Кукушкин рейтингіде 322-орындағы бельгиялық Микаэль Гиртцке есе жіберді — 6:4, 3:6, 5:7.
Әлемнің 207-ракеткасы Д. Евсеев рейтингіде өзінен 19 саты төмен тұрған нидерландылық Гийс Брувермен ойында есеп 4:6, 1:2 болған мезетте матчты жалғастырудан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Даниямен ойнайтын Қазақстан құрамасы анықталғанын жазған болатынбыз.