Бейімдеу орталығы тар, кейде балаларды орналастыратын жер таппаймыз – Ақтөбе ювеналды полициясы

Ақтөбе қаласындағы «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы 50 балаға шақталса, қазір бұл жерді 70-тен астам кәмелетке толмаған бала паналап отыр. Соңғы 3-4 айда полиция қызметкерлері балаларды орналастыра алмай, мас болған ата-аналары айыққанша жанында күтіп отыруға мәжбүр. Бұл туралы Kazinform тілшісіне Ақтөбе қаласы полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің басшысы Ботакөз Жалекешова айтты.

жасөспірім
Фото: Ботакөз Жалекешованың жеке мұрағаты.

- Жаңа оқу жылы басталған шақта, әр аудан, ауыл, қаладан жиналған студенттердің басы қосылып, қылмыс көбейіп кететін еді. Биыл бұл уақытта Ақтөбе қаласындағы жағдай қалай болды?

- Қала бойынша балабақша, мектеп, колледждегі 18 жасқа толмаған балалардың бәрін біз қараймыз. Аумағымызда төрт бөлімше бар. Олар Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандарында орналасқан. Барлығы 36 қызметкер бар қарамағымда. Тек мектепке емес, белгіленген аумаққа жауаптымыз. Жыл сайын жаңа оқу жылы басталған кезде түрлі жағдай тіркелетін еді. Биыл мұндай келеңсіздік болмады. Қазір қала бойынша 28 колледж, 3 университет бақылауда. Онда 24 мыңнан астам студент білім алады. Тең жартысы қаладан тыс жерден келген. Тек аудан, ауыл емес, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан да бар. Көбі жатақханада тұрады. Сондықтан жатақханаға жиі рейд жүргіземіз. Әр қаладан келген балалар келіспей қалуы мүмкін. Қуанышқа орай биыл мұндай дерек болмады. Ал бопсалау дерегі тіркелді. Колледждердің бірінде студентке шәкіртақы түскен кезде бұрын осы білім ордасында оқыған жігіт келіп, қорқытқан. Бірден анықталап, жазаланды.

- Оқушы, студенттермен жиі кездесу өткізіледі. Оларды не қызықтырады?

- Қазіргі кезде әкімшілік құқықбұзушылық туралы түсіндіріп жүрміз. Ұрлық, бұзақылық туралы да мысалдар көрсетіп, айтамыз. Балалар интернеттен қарап, дұрыс ақпарат алмайды. Колледж әкімшілігінің ішкі ережесіне сай студент сағат 21:00-ден бастап жатақханада болуы керек. Ал заң бойынша кәмелет жасқа толмағандар 23:00-ден кейін көшеде жүре алмайды. Сонымен қатар түнгі уақытта апасы-жездесі, аға-жеңгесімен жүрген бала да заң бұзған болып есептеледі. Талап бойынша ата-анасымен немесе қамқоршысымен болса ғана кез келген уақытта жүріп-тұруға рұқсат берілген. Жасөспірімдерге 14 жастан бастап қылмыстық жауапқа тартылатынын да айтамыз. Интернет сауда, одан табыс табу қанқынды дамып келе жатқан кезде жеңіл ақша табамын деп сан соғып қалатындар көп. Кейде тасымалдаушы болып кеткенін де білмей қалуы мүмкін. Мұны да ескертеміз. Таяуда қарияны біреулер алдап, ақшасын жеткізуші арқылы алмақ болғанда студент қырағылық танытып, көмектесті. Бұл әрине жақсы жаңалық, бірақ өте сақ болған жөн.

полиция
Фото: Ботакөз Жалекешованың жеке мұрағаты.

 

- Ата-анасынан жырақта жүрген балалар қоғамда өзін қалай ұстайды? Полиция қызметкерлеріне сене пе, проблемасын ашық айта ала ма?

- «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында қазір 74 бала бар. Оның ішінде 5-6 баладан ата-анасы бас тартқан. Олар «16 жасқа келген баламның тәрбиесімен айналыса алмаймын» деген. Кейбір баламен сөйлескен кезде «ата-анам жұмыста, маған көп көңіл бөлмейді» деп қылмысқа баратынын да білдік. Осы жолмен өзіне назар аударғанын қалайды. Психологтар ата-ананың жылуына мұқтаж екенін біліп, хабарлап жатады. Ажырасқан, бұрын соңды есепте тұрған ересектердің балалары бар мән-жайды ашық айтып, талқылайды. Кейде толыққанды отбасы балалары да түсіп жатады. Олар тіс жармайды. Біз кәмелет жасқа толмаған бала бөлімге жеткізілсе, алдымен мектеп әкімшілігіне хабар береміз. Түнгі рейдке шығамыз, тіркелген балалардың аты-жөнін прокуратура мен білім бөліміне жіберіп отырамыз.

- Бұған дейін мектеп инспекторлары жетіспейді деп жиі айтатынбыз. Қазір қалай?

- Биыл қаңтарда жасөспірімдер жөніндегі инспекторлар саны екі есе қысқарды. Қызметі учаскелік полиция инспекторларына да жүктелді. Қолайсыз отбасыларды анықтау, мектептерге барып, алдын алу жұмыстарын жүргізу ортақ міндетімізге айналды. Ал ювеналдық полиция бөлімшесі бейімдеу орталықтарына орналастыру, ата-ана құқығынан айыру құжаттарын жинақтау секілді жұмысты міндетіне алды. Өзгеріске сай мектептерге инспекторлар отырмайды. Тек аптасына бір рет барамыз, шақырту болса шұғыл жетеміз. Әрі бейнебақылау камерасы қондырылып, бәрі автоматтандырылып жатыр. Оқушының мектепке кіріп-шыққанын көріп, қажет болса дабыл түймесін басуға болады.

- Бізде балалар жиі жоғалады. Олар қайда жүреді?

- Жыл басынан бері кәмелет жасқа толмаған 100-ден астам бала жоғалып, табылды. Көбіне ата-аналар баласын бақылаусыз жібереді. Мәселен 28-қазан күні «көшеге кеттім» деп шығып кеткен баланы ата-анасы 31-қазан күні ғана іздеді. Біз қызды Петропавлдан тауып алдық. Достарының үйінде қыдырып жүр. Ал кейде ұрысып, ата-анасын тыңдамай кетіп қалады. Таяуда қала мектептерінің бірінде оқитын бала өз-өзіне қол жұмсады. Ол жұмыс істеп, қаржысын жұмсаған кезде ата-анасымен сөзге келіп қалған. Бала соны көтере алмады. Негізі бала жоғалған кезде тез хабар беріп, көмек сұрайтын ата-аналар бар, кейбірі асықпайды. Ақтөбе қаласы бойынша төрт бөлімде кезекші инспекторлар жұмыс істейді. Олар шақыртуға күнделікті шығып, барады. Ал кәмелет жасқа толмаған бала жоғалса, барлық ювеналды полиция қызметкері жұмылып, іздейді. Әркім өз аумағын шолып шығады. Еріктілер де түнімен жүріп, көмектеседі. Прокурорлар, депутаттар да қалыс қалмайды.

- Қазір қалада қанша бала тіркеуде тұр?

– Қазір 105 бала, 179 қолайсыз отбасы тіркеуде тұр. 15 адам ата-ана құқығынан айырылды. Олардың арасында қылмыс жасағандар, ішімдік ішетіндер мен арнайы мектепке барып келгендер бар. Үйінен жиі кетіп қалатындарды арнайы мектепке жібереміз. Ол Тараз, Қызылорда, Ақтау қаласында орналасқан мектептер. Қазір «Аяла» бейімдеу орталығында жатқан қыз сот шешімімен соң Ақтауға жіберіледі деп отырмыз. Ол бұған дейін де сол мектепте тәрбиеленген. Кейбірі түзеледі, кейбірі әдетін қоймайды. Барлығы ата-анаға, отбасындағы тәрбиеге байланысты. Биыл бір тонау дерегі болды. Қазіргі кезде кәмелет жасқа толмаған бала түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Ол көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Әкесі жүк тасушы, анасы баламен үй отыр. Бала 5-сыныптан бастап ұрлық жасаған. 7-сыныпта арнайы мектепке барды. Ол ата-анасын мүлде тыңдамайды. Бұл да проблема. Қазір ересектер ішімдікке салынған немесе жұмысы көп, сөйтіп баласы назардан тыс қалған. Осы екі жайт жиі айтылады. Отбасы болып психологқа да баруға «уақыт жоқ» деп айтады. Инспектора 2-3 күн апарар, бәрін жетектеп жүре алмайды.

- Осы салада тағы қандай проблема бар?

- «Аяла» бейімдеу орталығының сыйымдылығы – 50 адам. Онда қазір 74 бала бар. Егер 102 нөміріне шақырту түссе, «ана-анасы ішіп жатыр» десе біз міндетті түрде баланы алып кетуіміз керек. «Аяла» бейімдеу орталығы тар, кейде балаларды орналастыратын жер таппаймыз. Сол себептен тума-туыстарын іздестіріп кетеміз. Егер тумасы табылмаса, ішімдік ішкен адам есі кіргенше, айыққанша жанында инспектор отырады. Осы ең қиын мәселе. «Аялаға» қосымша орын ашып жатыр деді. Шынын айтқанда ол санитарлық нормаға сай емес болуы мүмкін. Кейде ата-анасы ішсе, ертеңіне «балаңызды алып кетіңіз» деп барып тұрамыз. Екінші күн қонатын орын болмайды себебі. Бұл биыл ғана кезіккен проблема. Соңғы 3-4 айда қиындады. Жыл басынан бері 15 ата-ана бала бағу құқығынан айырылды. Олардың кейбірінде 2-3 бала бар екенін ескеру керек. Одан бөлек өңірде ерекше қамқорлықты, бақылауды қажет ететін балалар арасында шара ұйымдастырылып жатыр. Футбол, теннис, волейболдан жарыстар ұйымдастырылып, драма театрда спектакль тамашалайды. Сонымен бірге спортта жетістікке жеткен адамдармен кездесіп, Есет батыр кесенесіне саяхаттайды. Ерікті болуға да балаларды шақырамыз. Осы бағыттағы жұмысты үздіксіз жүргізе береміз.

- Әңгімеңізге рахмет.