Биыл 55 науқас баланың шетелде емделуіне жолдама берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жыл сайын 500-600 балада ауру анықталады, олар жедел лейкозбен, орталық жүйке жүйесінің ісіктерімен, жұмсақ тіндердің саркомалары және басқа да аурулармен ауырады. Бұл туралы ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова айтып берді.

Астанада ЖРВИ-мен ауырған балалардың 97%-ы екпе алмаған – қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы
Фото: Астана әкімдігі

«Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету, диагнозды нақтылау және әрі қарай емдеу тактикасын анықтау үшін балалар республикалық деңгейдегі орталықтарға жатқызылады. Егер елде жаңа технологиялар қолданылмаса, балалар шетелге емделуге жіберіледі. 2024 жылы 55 баланың шетелде емделуіне жолдама мақұлданды. Айта кету керек, балалар шетелге тек Қазақстанда тиісті технологиялар болмаған жағдайда ғана жіберіледі», - деді М. Ембергенова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Қазақстан – Орталық Азияда жаңа туған сәбиге кардиохирургиялық операциялар жүргізілетін жалғыз мемлекет. Жыл басынан бері 9 айда туа біткен жүрек ақауы бар балаларға ашық жүрекке 1708 ота жасалды, оның 48%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды.

«Жағдайы аса ауыр балалардың өмірін сақтау үшін Қазақстанда телемедициналық технологиялар мен медициналық авиация қолданылады. Жыл басынан бері санавиация шамамен 460 рет ұшты, оның ішінде, 292 жағдайда жаңа туған нәрестелерге барды. 498 бала тасымалданды, оның ішінде 291 бала Астана және Алматы қалаларына жеткізілді», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында.

Жыл сайын орта есеппен 500-600 балада ауру анықталады, олардың 41%-ы жедел лейкозбен, 14%-ы орталық жүйке жүйесінің ісіктерімен, 9%-ы жұмсақ тіндердің саркомалары және басқа да аурулармен ауырады.

Балалардың 38%-ында онкологияның 1-2 сатысы анықталады. Жас құрылымы бойынша науқас балалардың 33%-ы 3-10 жас аралығында.

Бұған дейін М. Ембергенова Қазақстанда шала туған сәбилерге қандай күтім көрсетілетінін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар