Биыл 9 мың шақырымға жуық автожол жөнделеді – Қазавтожол
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде Ақтөбе-Ұлғайсын, Сарыағаш жəне Қызылорда қалаларының айналма жолдарын қайта жаңарту бойынша отандық мердігер ұйымдар анықталды. Жол сапасын жақсарту жұмыстары туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтып берді.
Оның айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында былтырғы жол-құрылыс маусымында 8800 шақырым автожол барлық жұмыс түрлерімен қамтылған.
– Биыл да 8900 шақырым автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 3400 шақырымда құрылыс жəне қайта жаңарту жобалары, 324 шақырымда – күрделі жөндеу және 5200 шақырымда – орташа жөндеу жасалады. Сондай-ақ апаттық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек, – деді Д. Иманашев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бұл тапсырмаларды жүзеге асыру үшін 10 млн текше метр фракциялық қиыршық тас, 210 мың тонна битум, 230 мың текше метр темір-бетон бұйымдары əзірленіп жатыр.
– Биылғы жол-құрылыс маусымында шамамен 12 мың арнайы техника, 25 мың жол маманы жəне 193 асфальтбетон жəне бетон зауыттары жұмылдырылады. Президент тапсырмасына сəйкес биыл 3400 шақырымды құрайтын жаңа құрылыс жəне қайта жаңарту жобалары жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе–Ұлғайсын, Сарыағаш жəне Қызылорда қалаларының айналма жолдарын қайта жаңарту бойынша отандық мердігер ұйымдар анықталды, осы айда құрылыс жұмыстары басталады, – деді Қазавтожол басшысы.
Ал «Орталық–Батыс» жобасы бойынша мобилизация жүргізіп, дайындық жұмыстары басталды. Барлық жобалардың құрылысында отандық тауар өндірушілердің материалдарын пайдалану, жергілікті мамандарды тарту жəне техногендік минералдық түзілімдерді қолдану көзделген.
Айта кетейік, елімізде жаңадан салынатын жолдарда модификацияланған битум қолданыла бастайды.