Биыл Ақтөбе облысында 353 млрд теңгеге жуық өнім өндірілген
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру мақсатында Ақтөбе облысында 2025 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 15 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Облыс әкімінің айтуынша, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында оң динамика сақталып отыр. Биылғы жылдың 10 айында өңірде жалпы құны 353 млрд теңгеге жуық өнім өндірілген. Оның ішінде мал шаруашылығы – 171,8 млрд теңге, өсімдік шаруашылығы – 177,6 млрд теңге.
- Мал басы былтырмен салыстырғанда 7%-ға артқан. Атап айтқанда ірі қара – 100,7%, қой – 105,3%, жылқы – 113,1%, түйе – 108,6%. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін енгізу аясында «АЙС» сүт-тауар фермасын кеңейтуге 7,5 млрд теңге көлемінде 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілді. Қазіргі таңда 800 бас ірі қара әкелініп, жобаның бірінші кезеңі іске қосылды. Жалпы 1 600 бас мал толық жеткізілгеннен кейін өңірдегі сүт өндірісі қосымша 20 мың тоннаға артады деп күтіліп отыр. Бұл Ақтөбе облысын өңделген сүтпен қамтамасыз ету деңгейін 62%-дан 90%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді, - деді ол.
Сонымен қатар Асхат Шахаров брифинг барысында өсімдік шаруашылығында «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс пен күзгі орақ жұмыстарына 5,9 млрд теңге көлемінде 5 пайызбен жеңілдетілген несие берілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде биыл 554 мың тонна өнім жиналды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 40 мың тоннаға артық (2024 жылғы өнім – 515 мың тонна).
- Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша биыл 11,5 млрд теңге құрайтын 6 жоба іске асырылды. Сонымен қатар «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 16,4 млрд теңгеге 2 883 жоба қаржыландырылды, - деді Асхат Шахаров.
Бұған дейін еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 15-тен аса елге экспортталады деп жазғанбыз.