Биыл Ақтөбеде 160 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қайтару жұмысы жалғасады. Былтыр 219 мың қайтарылды. Биылғы меже – 160 мың га.

Биыл Ақтөбеде 160 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылады
Фото: Freepik

Ақтөбеде пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару үшін алдымен тексеру жүргізіліп, шаруаларға ескерту беріледі. Кейін ғана келісіммен жер мемлекет меншігіне өтеді.

Ақтөбе облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Ержановтың ақпаратына сүйенсек, былтыр 219 063 га жер қайтарылды. Осы арқылы облыстағы жайылым жерлердің көлемін кеңейту жоспарланып отыр. Себебі мал басы артып, ауданы 97 мың га болатын жайылым жетпейді. 

- Өңірде 125 жоба аясында 3 млн га жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Топырақ құнарлылығын арттыру жөніндегі Жол картасына сәйкес биыл Мәртөк және Қобда аудандарында 7 мың гектар жерге геоботаникалық зерттеу жүргізу жоспарланған, - деді Нұрбол Ержанов. 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр жалпы ауданы 467,7 мың га болатын 376 учаске жалға берілді. Бұл ауыл шаруашылығы және коммерциялық мақсаттарға арналған учаскелер. Бюджетке 161,1 млн теңге түскен. 

Еске салсақ, елімізде 30 млн гектар жайылым табиғат әсерінен, ал 27 млн гектар жер мал таптағаннан жарамсыз күйге түсті

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы бірлесіп, «Агроорманмелиорациялау арқылы Қазақстанда жайылымдық жерлердің климаттық орнықтылығын қамтамасыз ету» жобасын ұсынды. Жобаға Ақтөбе облысының Әйтеке би (Аралтоғай ауылдық округі) және Мұғалжар (Талдысай ауылдық округі) және Алматы облысының Балқаш ауданында таңдалды. Пилоттық жоба 2024-2027 жылдар аралығында іске асырылады

Соңғы жаңалықтар