Биыл Ақтөбеде 70 ауыл мобильді интернетпен қамтылады

Ақтөбе облысы бойынша 315 ауыл бар. Қазіргі кезде оның 221-і мобильді интернетпен қамтылған. Биыл тағы 70 ауылда мобильді интернет қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Kazinform. 

Ауыл
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласында биыл IT HUB ашылып, жұмыс істеп тұр. Бұл IT саласын дамыту және стартап-мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірегей жоба.

– Хабтың ашылуы жастарды технологиялық кәсіпкерлікте қолдауға, білім беру, бизнес-инкубациялық бағдарламаларды ілгерілетуге және инновациялық қауымдастықтардың құрылуына ықпал етеді. Ақтөбе IT HUB аясында облыстың 20 мыңнан астам адамын қамту, 100 іс-шара өткізу, 50-ден астам инкубациялық бағдарламаны іске қосу және 25 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, - деді Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев.

Оның айтуынша, IT саланы дамытудың негізгі факторы – интернет. Сондықтан ауылға желі тарту жұмыстары жанданды. Қазір облыста 315 ауыл болса, оның 221-і мобильді интернетпен қамтылған. «Ақтөбе облысының аумағында байланысты дамытуды іске асыру» Жол картасына сәйкес биыл 67 ауылды мобильді интернетпен қамту жоспарланған. 

– Жол картасына сәйкес бүгінгі күні 67 ауылдың 12-сі мобильді интернетке қосылған. Қалған 55 елдімекенде аудан әкімдіктері байланыс операторларымен бірлесіп жұмыс істеуде. Биыл жобадан тыс қосымша 3 елдімекенді мобильді интернетпен қамту үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде осы жылдың аяғына дейін 283 ауыл мобильді интернетпен қамтылады. Сонымен қатар 29 ауылға интернетті қоғамдық Wi-Fi арқылы ұйымдастыру қарастырылды. Интернет жылдамдығы – 50-100 Мбит/с, қамту радиусы – 1,5 шақырым. Қоғамдық Wi-Fi тұрғындарға тегін беріледі, - деді Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев. 

Қазіргі кезде облыста 400-ден астам мектеп бар. Қаланың барлық мектебінде және ауылдық жерлердегі 74 білім ордасында интернет талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы, ал 193 мектепте радиорелелік байланыс арқылы ұйымдастырылған. Сонымен бірге 16 мектеп спутник арқылы қосылған. Қазіргі кезде қауіпсіздік үшін «Alaqan mektep» жобасы да жұмыс істеп тұр. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар қауіпсіздігіне баса назар аударуды тапсырды. Біз «Alaqan mektep» жүйесін іске қосып отырмыз. Ата-ана баласының мектепке қай уақытта кіргенін, қандай тамақ алғанын, кітапханаға барып-бармағанын, қандай кітап алғанын біліп отырады. Сонымен бірге жеке шкафты ашқан уақытын, мектеп автобусының қызметі туралы тегін қосымша арқылы хабарланады. Барлық жүйе баланың алақаны арқылы жұмыс істейді. Яғни, қолы тиген бойда кім екені анықталып, хабарлама түседі. Қазіргі кезде бұл жүйені барлық мектепке енгізу үшін мамандар жұмыс істеп жатыр. Бір мектепке қондыру құны – 10 миллион теңге, - деді Әсет Отарбаев. 

Мектептерде емес, қала көшелерінде де қауіпсіздік үшін бейнебақылау камерасы көбейеді. Биыл өңірдегі барлық камераны бір жүйеге біріктіліп, бақылауға арналған жүйе іске қосылады. Жол қауіпсіздігіне басымдық беріліп, Ақтөбе қаласы мен 9 елдімекенде 2 500-ге жуық бейнебақылау камерасы қондырылып, жол ережелерінің сақталуын бақылайтын 94 кешен орнатылады. Сонымен бірге өртті анықтап, хабар беретін 24 кешен де іске қосылуы тиіс. Жоспар бойынша қаладағы аула, супермаркет, көпшілік жиналатын орындардағы 2 700-ден астам камера да бір желіге қосылады. Бейнематериалдың бәрі 30 күн сақталады. Жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға 5,5 миллиард теңге қарастырылған. Облыста энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау салалары да автоматтандырылып жатыр. 

– Табиғи монополия субъектісінің 40 қызметін бір жерге тоғыстырғымыз келеді. Осы арқылы тұрғындар қашықта отырып-ақ олардың қызметіне жүгіне алады. Электронды түрде келісімшарт жасауға мүмкіндік болады. Бұл – қызметті пайдалану кезінде жемқорлық фактілерін жоюға септігін тигізетін жүйе. «Фельдшер сөмкесі» жобасы да іске асырылып жатыр. Бұл шалғай ауыл тұрғындарының білікті дәрігерлерге қаралып, ем қабылдауына мүмкіндік жасайды. Барлығы 138 сөмкені салып алуға 1 миллиард теңге бөлінді, - деді Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев. 

теміржол, жүк тасымалы
Ұқсас жаңалықтар

Қытайға ұн жеткізу көлемі 2 есеге артты - Көлік министрлігі