Биыл Ақтөбеде қай жолдар жөнделеді

жол құрылысы
Фото: Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл Ақтөбе-Ұлғайсын бағытында құрылыс жұмысы басталады. Сонымен бірге республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау тасжолының Ақтөбе-Қандыағаш аралығы тапсырылады. Ал су тасқыны кезінде бұзылған көпір мен жолдарды қалпына келтіру үшін 10 млрд теңге жұмсалуы мүмкін.

Республикалық маңызы бар жол құрылысы

Ақтөбеде республикалық маңызы бар жол ұзындығы 1800 шақырымнан асады. 2021 жылы «Ақтөбе-Атырау» тасжолының «Ақтөбе-Қандыағаш» аралығында құрылыс-монтаждау жұмысы басталып, күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Жоба екі учаскеге бөлінді. Атап айтқанда 11-52 км және 52-100 км аралығы. Биыл бұл жұмыс толық аяқталып, тапсыру көзделген.

су шайған жол
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

— Тек тасжол қолданысқа беріліп қана қоймай, жарықтандыру, темір қоршаулар салу, жол белгілерін орнату жұмысы атқарылады. Бұл төртжолақты жолдың ұзындығы — 96 шақырым. Жоба аясында 18 көпір мен 76 су өткізу құбыры салынуы тиіс. Қазіргі уақытта су өткізгіш құбырларды орындау көрсеткіші 87% құрайды. Көпір құрылысы және өтпелер салу көрсетіші 78% болып тұр. Бұл жолды 2023 жылдың 4 тоқсанында тапсыру қажет еді. Алайда жол-құрылыс материалдары қымбаттап, жобалау-сметалық құжаттамаға түзету жүргізілді. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетімен аудиторлық тексеру жүргізілді және жобалық-сметалық құжат мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Осыған байланысты жобаның аяқталу мерзімі 2024 жылдың 4 тоқсанына дейін ұзартылды. Қаржыландыру — Азия даму банкі есебінен. Бүгінгі таңда Ақтөбе — Қандыағашты қайта құру учаскесіне 358 адам мен 185 бірлік арнайы техника жұмылдырылған, — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ АОФ директоры Айбол Данағұл.

Сонымен бірге биыл өңірде «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолының бір бөлігінде қайта жаңарту жұмысы басталады.

— Бұл жолдың ұзындығы — 262 км. Жол құрылысын жүргізу үшін барлығы 7 учаскеге бөлінді. Оның 28 қашырым болатын бір учаскесінде мердігер мекеме анықталды. Мердігер топырақ карьерлері, асфальт-бетон зауытының орналасатын жері, вахталық қалашық аумағы белгіленіп жатыр. Биыл 28 шақырымның оң жақ бөлігінде топырақ жұмысы аяқталады. Сонымен бірге су өткізу құбыры мен көпірлерде жұмыс басталады. Тағы 28 шақырым болатын екінші учаскесінде жоба дайын, мердігер анықталады. Жол өте нашар болған соң биыл ағымдағы жөндеу жүргізіледі, — деді Айбол Данағұл.

су шайған жол
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Ал Қандыағаш-Шалқар бағытындағы жол құрылысы жалғасады. Былтыр Шалқар қаласынан бастап 20 шақырымы жөнделсе, биыл оны 75 шақырымға жеткізу жоспарланған. Сонымен бірге жол қарама-қарсы бағытта да басталуы мүмкін.

 

Облыстық маңызы бар жол құрылысы

Су тасқыны кезінде Ақтөбеде облыстың маңызы бар 8 жолдан су өткен. Қазіргі кезде сол 8-дің алтауында су тартылып, жол уақытша қолданысқа берілді. Ал екі учаскеде байланыс жоқ.

— Шұбарқұдық — Ойыл — Қобда — Соль-Илецк тасжолының 365-366 шақырымында су жолдың үстінен өтті. Бұл жерде әлі де су жүріп жатқан соң қозғалыс жабық тұр. Жақын орналасқан елдімекен тұрғындары айналма жолмен қатынап жүр. Сонымен бірге Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолының 48 және 117 шақырымдарында су жолдың үстінен өтті. Су деңгейі түскен соң қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Тек жеңіл көліктің жүруіне болады, — деді Ақтөбе облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының бөлім басшысы Бекболат Нұрашев.

су тасқыны көпір
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Сонымен бірге өңірде облыстық маңызы бар «Шұбарқұдық — Ойыл — Қобда — Соль-Илецк» тасжолының 164-168 шақырымы аралығындағы жолды су шайып кетті. 4 шақырым жолмен қатар Ойыл өзені арқылы өтуге мүмкіндік беретін көпір де жарамсыз күйге түсті.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары арнайы зерттеу жұмысын жүргізіп, қорытындысын берді. Жаңа жол салынғанша айналма жолды пайдалануға беру жоспарланған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстық және аудандық маңызы бар 25 жол учаскесін және 12 көпірді салу, жөндеуге республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы сұралды.

Соңғы жаңалықтар