Биыл алтынның құны 70 пайызға жуық өсті, себебі неде
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдік нарықта алтын бағасы кезекті тарихи рекордты жаңартып, бір унциясы 4400 доллардан асты. Бұл туралы ВВС-дің бизнес шолушысы хабарлайды.
Сарапшылардың айтуынша, алтын бағасының өсуіне АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі келер жылы базалық мөлшерлемелерді төмендетуді жалғастырады деген күтім әсер етіп отыр. Жыл басында алтынның бір унциясы шамамен 2600 доллар тұрған.
Импорттық баж салығын енгізу жөніндегі Дональд Трамптың саясаты және пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі туралы болжамдар инвесторларды қауіпсіз активтерге, соның ішінде алтын мен басқа да бағалы металдарға көшуге итермеледі.
Нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері алтын бағасы 68 пайызға өскен. BullionVault сауда алаңының талдау бөлімінің басшысы Адриан Эштің айтуынша, бұл – 1979 жылдан бергі ең жылдам жылдық өсім.
Дүйсенбі күні басқа да бағалы металдардың бағасы өсті. Күмістің бір унциясы 69,44 долларға жетіп, ол да тарихи рекорд орнатты. Эштің пікірінше, алтын бағасын жыл бойы пайыздық мөлшерлемелер, соғыстар мен сауда қатынастарына байланысты «баяу, бірақ тұрақты үрдістер» жоғары итермелеген.
– Бағалы металдар нарығы Трамп белгілі бір үдерісті іске қосты деген белгі беріп отыр, соның салдарынан алтын бағасы күрт өсті. Сауда соғыстары, Федералды резервке қысым, геосаяси шиеленіс – мұның бәрі осы факторлармен байланысты, – деді ол.
Дүйсенбі күні алтын бағасы 4400 доллар межесінен өтіп, 4426,66 долларға дейін көтерілді. Инвесторлар орталық банктер мөлшерлемені төмендетсе, облигациялар секілді қаржы құралдарының кірістілігі де азаяды деп есептейді. Сондықтан олар портфельдерін әртараптандырып, алтын мен күміс сияқты активтерге қаржы салуға ұмтылады.
Сарапшылар арасында 2026 жылы АҚШ-та пайыздық мөлшерлеме екі рет төмендейді деген ортақ болжам қалыптасқан. Алтынға деген сұранысты әлемнің түрлі елдеріндегі орталық банктер де арттырып отыр. Олар бұл металды экономикалық турбуленттіліктен сақтану, АҚШ долларына тәуелділікті азайту және резервтерін әртараптандыру үшін сатып алуда. Бұл туралы Goldman Sachs талдамалық есебінде айтылған.
Ribble Wealth Management компаниясының сарапшысы Анита Райт алтын бағасының жыл бойғы тұрақты өсуін инвесторлардың оны инфляция мен экономикалық белгісіздікке қарсы қорғаныш құралы ретінде қарастыруымен байланыстырады.
– Қаржы активтері мен саяси тұрақтылыққа деген сенім азайғанда, әдетте ең алдымен алтын реакция білдіреді. Ол – негізгі қаржылық металл, – деді ол.
Алтын бағасына АҚШ долларының әлсіреуі де ықпал етуде. Ал басқа бағалы металдар тіпті жылдамырақ қымбаттады. Мәселен, күміс соңғы бір жылда 138 пайызға өсті, ал платина 17 жыл бұрынғы рекордты жаңартты. Алтыннан айырмашылығы, өзге бағалы металдар өнеркәсіпте де кеңінен қолданылатындықтан, бұл сұранысқа қосымша әсер етеді.
Дүйсенбі күні мұнай бағасы да өсті. Өткен аптада Дональд Трамп АҚШ санкция салған Венесуэлаға қатынайтын танкерлерге қатысты теңіз блокадасын енгізген еді. Соның аясында Brent маркалы мұнай барреліне 1,31 долларға қымбаттап, 61,78 долларға жетті.
Ал АҚШ-та өндірілетін мұнай 1,25 долларға өсіп, барреліне 57,77 доллар болды. Дегенмен бұл баға 2025 жылдың басындағы деңгейден әлі де төмен.