Биыл Атырауда балалар құқығын қорғайтын басқарма құрылмақ

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында балалардың құқығын қорғауды күшейту мақсатында арнайы басқарма құрылады. Бұл мәліметті облыс әкімдігінің баспасөз қызметі растады.

Әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі
Фото: Kazinform

Бұл тапсырманы облыс әкімі Серік Шәпкенов берген. Оның айтуынша, қазіргі таңда мектептегі түрлі жағдайға тек бір тарап емес, барлық қатысушы – педагогтер, ата-аналар, оқушылар және құқық қорғау органдары бірдей жауапты.

- Барлық тарап күш біріктіргенде ғана қауіпсіз әрі қолдаушы білім беру ортасын қалыптастыра аламыз. Сол себепті балалар құқығын қорғау басқармасын ашу қажет. Ол жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіріп, құқық бұзылған жағдайда жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді, алдын алу шараларын күшейтеді және балаларға мейлі мектепте, мейлі одан тыс жерде де қауіпсіз орта қалыптастырады, – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Соңғы уақытта өңірде оқушылардың қатысы бар қылмыстар көпті шошытты. Мысалы, қатарластарын балтамен қуалаған оқушының іс-әрекеті өңірдегі білім ордаларындағы күзет қызметін тексеруге себеп болды.

Ал наурызда 9 сынып оқушысы 8 сыныпта білім алатын қызды үшкір затпен жарақаттаған еді.

Күні кеше Атыраудағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде кәмелетке толмаған жасөспірім қауіпсіздік талаптарын бұзып, нысанға шығын келтірді.

Мектептегі оқуды аяқтаған жастар мен оқушылар арасындағы байланыс, буллинг, қауіпсіздік, білім ордасы мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас сынды бірқатар мәселені директорлар облыс әкімі деңгейінде көтеріп, сапалы күзет қызметін күшейтуді сұрады.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар