Биыл балабақшалар ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы еліміздің 20 қаласы мен 7 ауданында сәтті іске асырылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

Астана
Фото: Астана әкімдігі

- Биылғы оқу жылында 11 мың 800 мектепке дейінгі ұйымда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп, білім алатын болады. 

Жыл басынан бастап балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы еліміздің 20 қаласы мен 7 ауданында сәтті іске асырылғаны белгілі. Пилоттық кезеңде 461 мың ваучер беріліп, балабақшаға кезектілік 93 мыңға қысқарды. Нәтижесінде жергілікті бюджеттерден 7,7 млрд теңге үнемделді. Қыркүйек айынан бастап биылдың соңына дейін барлық балабақшалар кезең-кезеңімен толықтай осы ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді, - деді Ғ. Бейсембаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, мектеп жасына дейінгі балаларды адал еңбекке баулу мақсатында 12 мың баланы қамтитын жаңа жоба қыркүйек айынан бастап еліміздегі 100 балабақшаға пилот ретінде енгізіледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде.

Бұл жоба мектепке дейінгі білім беру саласында қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған

Соңғы жаңалықтар