Биыл банктерге БЖЗҚ-дан қанша ақша беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан екінші деңгейлі банктерге биыл қанша қаражат берілетінін айтты.

- Айтқандарыңыз дұрыс. 2025-26 жылдарға БЖЗҚ-ның 1,5 трлн теңгесін нарық шарттарымен квазимемлекеттік сектордың құнды қағаздарына бағыттау туралы бағдарлама қабылданған болатын. Оның ішінде 500 млрд теңгедей ақшаны 2024-25 жылдары екінші деңгейлі банктердің облигацияларына инвестициялайтынын жариялады, - деді ол.
Ұлттық банк өкілі екінші деңгейлі банктер экономикадағы негізгі несие берушілердің бірі болғандықтан салымшылардың ақшасын бағыттау тиімді шешім болып есептелетінін атап өтті.
- 2024 жылы «Халық банк» пен «РБК» банкке 220 млрд теңгедей ақша инвестицияланды. Бұл ақшаның бәрі нарық шарттарымен берілгенін баса айту керек. Мысалы, белгіленген мөлшерлеме туралы айтсақ, кеше Қазақстанның құнды қағаздарының орташа кірістілігі 14 пайыз екені айтылды. Одан әрі әр банктің көрсеткішіне байланысты несие тәуекелінің сыйақысы бар. Биыл да осы жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. Қазір БЖЗҚ-да 22,4 трлн теңге болса, екінші деңгейлі банктерге салған инвестициялардың портфелі соның 5 пайызынан төмен, - деді Нұржан Тұрсынханов.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы қандай жобаларға инвестицияланатынын айтқан еді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева Сенатта өтіп жатқан дөңгелек үстелде БЖЗҚ-дағы қаржысы азайып қалғанына жиі шағымданатын салымшылар туралы пікір білдірген еді.