Биыл еліміздегі 100 балабақшада еңбек пен кәсіпке баулитын жоба басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Балаларды ерте жастан дамыту, сапалы тәрбие мен білім беру мақсатында бірқатар бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі жариялады.
Мемлекеттік тілді тереңдетіп үйретуге бағытталған «Тілге бойлау» жобасы өткен жылы 5 өңірде — Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында 135 балабақшада сынақтан өтті. Жоба биылдан бастап жаппай енгізілді.
Биыл 100 мектепке дейінгі ұйымда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы басталды. Сондай-ақ өңірлерде экологиялық жобалар жүзеге асырылып келеді. Экологиялық бағытта 190-ға жуық «Жасыл балабақша» жұмыс істейді.
Туған елге, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, қамқорлық, адалдық, еңбексүйгіштік секілді дағдыларды ерте жастан қалыптастыру мақсатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы меншік құқығына қарамастан, барлық балабақшада тәрбиелеу-білім беру процесіне енгізілді.
Балалары балабақшаға бармайтын ата-аналарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында кеңес беру пункттері ашылды. 2023 жылы өңірлерде 3 мыңнан аса кеңес беру пункті ашылса, бүінгі күні саны екі есеге көбейіп, 6 мыңнан астам кеңес беру пунктінде 60 мыңнан астам ата-ана көмек алды.
Сондай-ақ денсаулық, тамақтану, даму және туғаннан 5 жасқа дейінгі балалармен қарым-қатынас мәселелерін қамтитын 120-дан астам пайдалы ұсыныс пен кеңестер қамтылған «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы әзірленді. Қазіргі уақытта оны 80 мыңға жуық ата-ана қолданады.
Мектепалды даярлықпен қамтылмаған балалар үшін жазғы кезеңде қысқа мерзімді «Балақайлар мектебі» ұйымдастырылды. Жыл сайын мектепалды даярлықтың қысқа мерзімді курстарымен 100 мыңға жуық бала қамтылады.
Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова еліміздегі балабақшаларда 103 мың педагог бар екенін мәлімдеген еді.