Биыл ETS-пен ұлттық тестілеу жүйесін реформалау жобасы іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл ETS-пен ұлттық тестілеу жүйесін реформалау жобасы іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
- 2025 жылы Google, NVIDIA, Coursera, Huawei, OpenAI, ETS және басқа да халықаралық серіктестермен ынтымақтастық жалғастырылды. 2026 жылы OpenAI-мен бірлесіп оқытушылар үшін оқу үдерістеріне жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған жоба, ал ETS-пен ұлттық тестілеу жүйесін реформалау жобасы іске қосылады, - деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда ашылған 33 филиалдың 12-сінде арнайы жасанды интеллект бағдарламалыры ашылған.
- Мысал ретінде Cardiff университетінде жасанды интеллект орталығы, арнайы магистратура ашылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech-пен, Satbayev University City University of Hong Kong-пен, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Лу Бань шеберханасының базасында бірлескен бағдармалар бар. Сонымен қатар, 48 университеттің негізінде Huawei академиялары, 17 университеттің негізінде арнайы ЖИ орталықтары ашылды. «Болашақ» бағдарламасы аясында жасанды интеллект бағыты бойынша жыл сайын арнайы 100 квота бөлінді, - деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдағанын жазған едік.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы ETS компаниясының білімді тестілеу мен бағалау саласында көш бастап келе жатқанына ерекше назар аударды.