Биыл он айда 7 мыңға жуық қазақстандық Өзбекстанда ем алған
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биыл қаңтар-қазан айлары аралығында 75 мыңнан астам шетелдік Өзбекстанда ем алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, қамтылып отырған кезеңде Өзбекстанға емделу мақсатында келгендердің көбі Тәжікстан азаматтары (53 045 адам).
Сондай-ақ, дертіне дауа іздеген қырғызстандықтар да (13 038 адам) аз емес.
Ал он ай ішінде 6 979 Қазақстан азаматы Өзбекстанда ем алыпты. Келушілердің басым көпшілігі Ташкент және Самарқанд қалаларындағы клиникалардың қызметіне жүгінген.
Мұнымен бірге, Ресей (1 709 адам), Ауғанстан (533 адам), Түрікменстан (215 адам) және Түркиядан (43 адам) келген науқастар да бар.
Еске салайық, бұған дейін Ташкентке ем алуға баратын бүлдіршіндердің 90% Қазақстаннан екенін жазып едік.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, үстіміздегі жылдың 9 айында Өзбекстан Қазақстаннан 2,4 млрд доллардың тауарын импорттаған.