Биыл Отбасы банкте 1 миллион депозит ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Отбасы банк» үшін 2025 жыл рекордтық жыл болды. Бір жылдың ішінде қазақстандықтар 1 миллион жаңа депозит ашты. Бұл – банк тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін жыл сайын орта есеппен 600 мыңға жуық жинақ шоты ашылып келген. Аталған рекорд қазақстандықтардың «Отбасы банкке» деген жоғары сенімінің дәлелі, әрі банктің тұрғын үй бағдарламалары халық үшін ең қолжетімді болып отырғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда «Отбасы банкте» 3,4 миллион қазақстандық баспана алу үшін қаражат жинап жатыр. Депозит иелері жинақтарын белсенді түрде толықтырып, жақын уақытта қолжетімді шарттармен тұрғын үй алып өз пәтерінің кілтін иеленуді жоспарлауда. 2025 «Отбасы банктің» 74 386 клиенті баспаналы болып, мақсаты жүзеге асты. Сонымен қатар, 2025 жылы «Отбасы банк» арқылы баспана алған әрбір үшінші қарыз алушы өмірінде алғаш рет өз үйінің иесі атанған.
– 2000 жылдардың басынан бері Қазақстанда жыл сайын шамамен 250 мың бала дүниеге келіп отырды. Солардың көпшілігінің ата-анасы алғашқы пәтерін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатып алғанын біліп өсті. Ал бүгінде сол салымшыларымыздың балалары өздері депозит ашып, оны белсенді түрде толықтырып, жеке баспанаға қол жеткізуді армандап жүр. Олар банкпен бірге өсіп келеді. Біз жинақ жүйесінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ондаған жыл бойы тиімді жұмыс істеп, бір отбасының артынан екіншісіне өмірдегі ең маңызды мақсаттардың бірі – баспана сатып алуға көмектесіп отырғанын көріп отырмыз. Дәл осы мақсат жолында «Отбасы банк» әр буын үшін сенімді бола отырып, дамуын жалғастырып, үнемі жаңарып келеді, – деп атап өтті «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Депозиттерге деген қызығушылықтың басты қозғаушы күштерінің бірі – «Наурыз» бағдарламасы болды. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылып, Қазақстанда екінші жыл қатарынан табысты жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 15 387 азамат қоныс тойын атап өтті. «Наурыз» бағдарламасы азаматтарды баспана алуға алдын ала жинақ арқылы дайындалуға үйретеді. Өйткені дәл осы ұқыпты жинақ салымшыларға «Отбасы банктен» несиені төмен пайыздық мөлшерлемемен алуға мүмкіндік береді.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Отбасы банк» зауыттарда, фабрикаларда және өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген азаматтарды қолдады. Олар күрделі жұмысты атқарып, ел тұрғындарының негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр. Көпшілігі ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейді. Сондықтан олардың тұрғын үй мәселесін шешу маңызды. Осы мақсатта банк Қазақстанда алғаш рет «Наурыз Жұмыскер» атты жаңа бағытты іске қосты. Бұл бастама еңбек адамдары үшін қолжетімді баспанаға жасалған тағы бір маңызды қадам болды.
«Наурыз Жұмыскер» аясында 2 546 адам қоныс тойын атап өтті. Бағдарлама 1 143 түрлі кәсіпорын қызметін және 8 230 жұмысшы мамандығын қамтиды. Бағдарлама бойынша үй алу үшін конкурсқа қатысудың қажеті жоқ. Жұмыс орнынан жұмыс берушінің қызмет түрі, қызметкердің лауазымы мен мамандығы көрсетілген анықтама алып, «Отбасы банктің» ең жақын бөлімшесіне өтінім беру жеткілікті.
«Корпоративтік» өнім және жалдау-жинақтау механизмі де жүзеге асырылып келеді. Осы құралдың арқасында зауыттарда, фабрикаларда және түрлі кәсіпорындарда еңбек ететін 500-ден астам қызметкер өз жұмыс берушілерінің және «Отбасы банктің» қолдауымен қоныс тойын атап өтті.
2025 жылы банк үшін тағы бір маңызды оқиға – оның Ұлттық даму институты мәртебесіне ие болуы. Бұл өзгеріс банктің мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асырудағы рөлін түбегейлі кеңейтті. Үй кезегінде тұрған азаматтарды есепке алу және баспана үлестіру процестері цифрландырылып, автоматтандырылды және orken.otbasybank.kz атты жеке цифрлық платформа іске қосылды. Бұл платформа тұрғын үйді бөлу жүйесінің ашықтығын едәуір арттырды.
«Отбасы банк» Ұлттық даму институты мәртебесінде алғаш рет өңірлерде жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйді бөлу жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі уақытта бұл мақсатта облыстық әкімдіктер банкке 7 715 пәтерді тапсырды. Нәтижесінде Павлодар, Ақмола және Жетісу облыстарының тұрғындары қоныс тойы аталып өтіліп жатыр. Ал Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау, Қарағанды, Абай және Қызылорда облыстарында тұрғын үй беру жұмыстары жақын арада басталады.
Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында «Отбасы банк» 63,1 млрд теңге сомасына тұрғын үй кезегінде тұрған 4 954 азаматтың қоныс тойын атап өтуіне мүмкіндік берді. Мемлекеттің қолдауының арқасында бүгінде өз шаңырағында 1 және 2 топтағы 375 мүгедек, 632 көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар 352 отбасы, сондай-ақ «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 233 қазақстандық тұрып жатыр.
2025 жылы банк тұрғын үй салу және сатып алу мақсатында берілген жалпы қарыз көлемінде 57% үлеске ие болды. «Отбасы банк» Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер арасында активтер бойынша төртінші, өз капиталы бойынша бесінші орынға ие. Банктің жыл соңындағы несиелік портфелі 3 994 413 млн теңге.