Биыл Өзбекстан «жасыл» энергия көздерінің үлесін 26%-ға жеткізбек
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономика жылы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Кейінгі жылдары Өзбекстанда «жасыл» энергия көздерінің үлесі 16%-ға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 26%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ол үшін 16 күн және жел электр станциясы, 5 гидроэлектростанция мен қуаты 1,8 ГВт болатын энергия сақтау ораталығы салынады.
«Жасыл» технологияны енгізуді ынталандыру мақсатында үстіміздегі жылы мемлекеттік кәсіпорындар мен үйлерде күн панельдерін орнату жалғасады. Бұл жұмыстарға 2 трлн сум (шамамен $154 млн) несие бағытталмақ.
Сонымен қатар, электр энергиясынын шығынын 15-20%-ға қысқарту үшін арнайы бағдарлама әзірленеді. Ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемін азайту мақсатында халықаралық қаржы институттарынан $300 млн ақша тарту жоспарланған.
Еске салайық, кеше Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның Энергетика министрлері Ташкентте бас қосып, «Қамбар ата - 1» ГЭС жобасын іске асыру мүмкіндігін талқылаған еді.
Айта кетейік, Өзбекстанда электр энергиясының 80%-ы газбен жұмыс істейтін жылу электр станцияларында өндіріледі. Бұл ретте былтыр ресми Ташкент көгілдір отын импортын 2 есе арттырды.
Бұған қоса, өткен жылы газ бен электр энергиясын заңсыз пайдаланған өзбекстандықтар мемлекетке $108 млн шығын келтірді.