Биыл республикалық жедел-құтқару жасағы 519 рет көмекке шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жыл республикалық жедел-құтқару жасағы үшін қарбалас, әрі жауапты жыл болды. Олар жыл басынан бері 519 рет жедел көмекке шықты. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан ТЖМ республикалық жедел-құтқару жасағы жетуі қиын жерлерде және қауіпті жағдайларда аса күрделі міндеттерді орындауды жалғастырып келеді.
Құтқарушылар 500-ден астам жедел шақыртуда 203 адамды құтқарды. Оның 35-і бала.
Жедел әрекет ету тиімділігін арттыру мақсатында Кіші Алматы шатқалында құтқару бекеті ашылды. Оның жұмысы барысында мамандар 56 төтенше жағдайға жедел әрекет етіп, 68 адамды, оның ішінде 6 баланы құтқарды.

Боролдай әуежайында әуе көлігін пайдалана отырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге бағытталған тағы бір құтқару бекеті ашылды. Есепті кезеңде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 4 рет әуеге көтерілді, нәтижесінде 3 адам құтқарылды.
Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тек Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана емес, шетелдік туристерге де көмек көрсетеді. Іле Алатауының жетуі қиын аудандарында Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Вьетнам және Үндістан азаматтарын құтқару операциялары сәтті жүргізілді.
— Бүгінде республикалық жедел-құтқару жасағы 101 жоғары білікті маманнан құралған ұйымшыл команда. Жасақ құрамында альпинистер, сүңгуірлер, кинологтар, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мамандары, сондай-ақ медициналық психологтар мен диспетчерлер қызмет атқарады. Олардың әрқайсысының кәсіби дайындық деңгейі жоғары, дене бітімі шымыр, күйзеліске төзімді, қысылтаяң жағдайлардағы жұмыс тәжірибесі бар. Құтқару операциялары көбіне бірнеше сағатқа, кейде тіпті тәуліктерге созылады — мұндай жағдайда қателіктің құны тым жоғары, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Алматылық құтқарушылар бір түнде 100-ге жуық адамды құтқарды.