Онлайн платформалардан түсетін салық көбейіп келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде120-ға жуық онлайн платформа ресми тіркелген. Соның ішінде биыл салық төлеуден көш бастаған iHerb маркетплейсі қазынаға 11,8 млрд теңге аударыпты. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының жаңалықтарында айтылды. 

Онлайн сауда
Фото: Pixabay.com

Арна тілшісінің дерегінше, маркетплейстерге салық салу басталған 2022 жылы Google Қазақстанда ең көп салық төлеуші болған еді. Компания кейінгі үш жылда Қазақстанға 58 миллиард теңге салық төлеген. Биыл көш басына медициналық препараттар мен түрлі дәрумен сататын онлайн дүкен IHERB компаниясы шығып отыр. Одан кейінгі орында 9,4 млрд теңгемен Apple компаниясы тұр. Google биыл үшінші орында - 9,3 млрд теңге. Ал, Valve Corporation 8,8 млрд түсірсе, Meta платформасы 6,6 млрд теңге салық төлеген.

— Біз сайттар мен қосымшалардағы қазақстандықтардың төлемдерін қадағалап отырамыз. Сосын, компаниялардың есебімен сәйкестігі анықталады, - дейді ҚМ МКК Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ілияс Қаптағаев.  

Кірістер комитеті ресми салық төлеуші ретінде тіркеген 88 халықаралық ұйым бар. Биыл тағы 26 онлайн платформа қосылған. Жаңа тізімге танымал Amazon, Sony, ИВИ секілді ірі компаниялар енген. Олар табысының 12 пайызын Қазақстан бюджетіне береді. Жерлестеріміз жиі жүгінетін Қытайдың онлайн дүкендері да салық төлеуге міндеттелген. Мәселен, биыл Temu платформасы қазынаға 764 миллион теңге аударған.  

— Еуроодаққа мүше елдердің платформалары үшін салық міндеттелмейді. Мәселен ресейлік mail.ru төлем жасаушылар тізімінде жоқ. Ал, отандық маркетплейстер үшін ереже басқа. Қазір Қазақстанда табыс тауып жүрген өзге де сайттар мен қосымшаларды анықтап жатырмыз, - деді ҚМ МКК Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов. 

Бір айта кетері салықтан жалтарып жүргендер онлайн платформалар жоқ екен. Бірақ, олай болған күннің өзінде мемлекеттің қадағалау құзіреті әлсіз. Өйткені заң солқылдақ. Жаңа салық кодексінде бұл мәселе қаралған-тын. Салық төлемеген сайттардың жұмысына шектеу қою көзделген. Бірақ, жаңа салық кодексін қабылдау келесі жылға қалды.

Кірістер комитеті келесі жылы ел аумағында онлайн қызмет көрсететін бірнеше ірі платформаларды да салық төлеуге міндеттемек. Арасында әйгілі Telegram желісі де бар. Еске сала кетейік, Қазақстан онлайн платформаларға салық салуды Орта Азияда алғаш енгізді.

Соңғы жаңалықтар