Биыл шаруаларға 863 мың тонна дизель жеңілдікпен беріледі – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов күзгі дала жұмыстарына дайындық шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету шаралары туралы айтып берді.

азс
Фото: Алина Тулеубева/ Kazinform

Биыл 24 маусымда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 2025 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында 2025 жылғы күзгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель отынын беру кестесін бекіткен.

Оған қосымша күзгі дала жұмыстарына 20 мың тонна және астық пен майлы дақылдар кептіруге 40 мың тонна дизель отыны бөлінді.

– 2025 жылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бөлінген дизель отынының жалпы көлемі 863 мың тонна. Оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 401 мың, күзгі дала жұмыстарына 422 мың және кептіруге 40 мың тонна, – деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұған дейін екі жылда баға өңірлерге жеткізіле отырып, литріне 228 теңге деңгейінде сақталды.

– Түпкілікті баға – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге литріне 250 теңге, дизель отынын жеткізетін операторларының маржасы – литріне 22 теңге, бұл автожанармай құю стансасының маржасынан едәуір жоғары. Энергетика министрлігі ұсынатын дизель отынының қазіргі бағасы тағайындалған станцияға дейін литріне 232 теңге. Түпкі бағаны операторлар белгілейді және литріне 254 теңге болуы мүмкін, – деді Е.Ақкенженов.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынының қозғалысының ашықтығы мен қозғалысын қамтамасыз ету үшін жеке пин-кодтар алынды, дизель отынын сары, көк және қызылға бояу, электронды шот-фактура жүйесінде дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құру шаралары жүргізілген.

Шілде-қыркүйек айларында жоспарланған 391 мың тонна дизельдің 238 мыңы немесе 60 пайызы жөнелтілген.

Айта кетейік, Үкімет бүгін егін жинау науқанын талқыға салып жатыр.

Биыл болжам бойынша 24 млн тонна астық бастырылады.

Соңғы жаңалықтар