Биыл суару кезеңінде Солтүстік Арал теңізіне 1 млрд текше метр су жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 1 сәуірде басталған суару маусымы сәтті өтті. Шаруалар үздіксіз әрі тұрақты түрде суармалы сумен қамтылды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов вегетациялық кезеңнің аяқталуын қорытындылады.

«Биылғы суару кезеңінде жалпы су көлемінің жартысынан астамын — 65%-ын Арал-Сырдария, 26,6%-ын Балқаш-Алакөл және 8,4%-ын Шу-Талас бассейндері пайдаланды. Яғни, мұнда суармалы егіншілік дәстүрлі дамыған және осы бассейндердің суының молдығы негізінен трансшекаралық өзендерге тәуелді», — деді Н. Нұржігітов бүгінгі Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, оңтүстік өңірлердің 1,2 млн гектардан астам егіс алқабын тұрақты суаруға 10,9 км³ су берілді. Бұл барлық су тартудың 97%-ын құрайды.
«Соңғы жылдары елдің осы өңірлерінде вегетациялық кезең аз сумен өтті және шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық өзендер бойынша тиімді өзара іс-қимыл жасау — біздің міндетіміз. Осыған байланысты биыл Орталық Азия мемлекеттерімен, Қытай және Ресеймен трансшекаралық өзендер бойынша 28-ге жуық отырыс өткіздік. Мысалы, Арал-Сырдария бассейні бойынша биыл сәуір айында Шымкент қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысы өтті. Онда 2024 жылдың вегетациялық кезеңнің су жинау лимиттері бекітілді», — деді Су ресурстары министрі.
Кестеге сәйкес, суару кезеңінде Шардара су қоймасына 3,7 млрд м3 көлемінде су келеді деп күтілді, іс жүзінде 4,8 млрд м3 су түсті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп және келісілген көлемнен 1,1 млрд м3 артық.
«Достық» каналы арқылы кепілдендірілген көлемде су алу үшін 2024 жылғы 6 маусымда «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс кестесі бойынша Қазақстан-Өзбекстан-Тәжікстан тараптарынан үшжақты хаттамаға қол қойылды. Хаттамаға сәйкес, «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру көлемі 491,14 млн м3 болды. Іс жүзінде «Достық» каналы арқылы 1 маусым мен 30 тамыз аралығында 532,4 млн м3 су берілді, бұл келісілген көрсеткіштен 41 млн м3 артық.
«Суару кезеңінде шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, Солтүстік Арал теңізіне шамамен 1 млрд м3 су жібере алдық. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерден үш есе көп. Солтүстік Арал теңізінің көлемін 22 млрд текше шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік берді», — деді Н. Нұржігітов.
Шу-Талас бассейні бойынша, 26 сәуірде Бішкек қаласында Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан мен Қырғыз Республикалары комиссиясының 33-отырысы өтті. Отырыста 2024 жылғы суару кезеңіне арналған Шу және Талас өзендерінің мемлекетаралық көздері бойынша су алу кестелері бекітілді.
Талас өзені бойынша болжанған 380 млн м3 су орнына 418 млн м3 су алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 94,2 млн м3 артық. Ал Шу өзені бойынша су бекітілген кестеге сәйкес алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 млн м3 артық.
«Балқаш-Алакөл бассейні бойынша да суару кезеңі сәтті өтті, шаруаларды тұрақты суармалы сумен қамтуға 3 млрд км3 су алынды. Қалған бассейндер бойынша суару кезеңі өткен жылдар деңгейінде және қалыпты жағдайда өтті. Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай, Есіл, Ертіс бойынша тұрақты суаруға шамамен 300 млн м3 су алынды», — деді министр.
Еске салсақ, кеше Қазақстанның барлық аймағында суару маусымы аяқталғаны хабарланды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан суару маусымының соңына дейін Қазақстанға тағы 500 млн текше метр су жіберетіні белгілі болды.