Биыл төрт айда агроөнеркәсіп кешеніне 213 млрд теңге инвестиция тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — 2025–2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жол картасы әзірленді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлім етті. 

Биыл төрт айда агроөнеркәсіп кешеніне 213 млрд теңге инвестиция тартылды
Фото: ОКҚ

— 2025 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 213 млрд теңге болды, бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 118%-ға артық (180,6 млрд теңге), — деді Ермек Кенжеханұлы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның ішінде:

— ауыл және балық шаруашылығына — 164,2 млрд теңге;

— тамақ өнімдері өндірісіне — 48,7 млрд теңге.

— Ұлттық банктің дерегі бойынша, өткен жылы ауыл, орман және балық шаруашылығына шетелдік инвесторлардан 26,1 млн АҚШ доллар тікелей инвестиция тартылды, — дейді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ брифинг барысында 2025–2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жол картасы әзірленгені айтылды.

— Аталған құжат аясында жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 677 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл 282 жоба, жалпы сомасы 611,2 млрд теңге, 2026 жылы 267 жоба, жалпы сомасы 1,1 трлн теңге, 2027 жылы 128 жоба, жалпы сомасы 1,5 трлн теңге. Инвестиция ең көп бағытталған сала — қайта өңдеу жобалары (шамамен 1 478 млрд теңге), екінші орында суару саласындағы жобалар (216 млрд теңге), үшінші орында мал шаруашылығы бойынша жобалар (194,6 млрд теңгеден астам), — деп толықтырды вице-министр.

Айта кетейік, агроөнеркәсіп саласына жасанды интеллект енгізуге грант бөлінеді

Соңғы жаңалықтар