Биіктікке секіруден Қазақстан рекордшысы өмірден өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл жөнінде Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы мәлім етті. Онда биіктікке секіруден Қазақстан және Еуропа рекордшысы, даңқты спортшы Сергей Засимович өмірден өткені жазылған.
— Отандық жеңіл атлетиканың дамуына өлшеусіз үлес қосып, өмірінің соңына дейін жас спортшыларды тәрбиелеуге бар күш-жігерін арнаған тұлға ел жадында мәңгі сақталады, — деп жазылған хабарламада.
Засимович Сергей Геннадьевич 1962 жылы 6 қыркүйекте дүниеге келген. Биіктікке секіру бойынша ол КСРО кубогының екі дүркін чемпионы және иегері. Сондай-ақ ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болды. 1984 жылы Сергей Засимович Ташкентте өткен жарыста биіктікке секіруде 236 сантиметр көрсеткішті бағындырып, сол кезеңде Еуропаның рекордын орнатқан еді. Бұл әлі күнге дейін Қазақстан рекорды ретінде бағаланады.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақ футболының ардагері Марат Есмұратов өмірден өтті.