Билет құны 18 мың теңге. Қазақстанда туристік әуе маршруттарын субсидиялау жалғасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар және туристік әуе маршруттарын субсидиялау жалғасады. Осылайша, халыққа қолжетімді әуе қатынасы ұйымдастырылмақ.

Бұған дейін Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында өңірлік шағын авиацияға арналған жаңа әуежайлар салынатыны хабарланған еді.
Үш әуежайдағы ұшу-қону жолағының параметрлері — 2 200×35 м, жобалардың жалпы құны — 117,7 млрд теңге. Бұл әуежайларда ATR-72, Q-400 Bombardier сияқты 74 орынға дейінгі өңірлік ұшақтарды пайдалану жоспарлануда. Аталған ұшақтар Өнеркәсіпті дамыту қорының механизмдері арқылы сатып алынады.
Басты міндет — Алматы, Астана және басқа да ірі қалалардан осы әуежайларға тікелей, халыққа қолжетімді әуе қатынасын ұйымдастыру.
— Жыл сайын 26 әлеуметтік маңызы бар әуе бағытын субсидиялау арқылы көлік қатынасының қолжетімділігі артуда. Әсіресе Үшарал, Үржар, Түркістан, Ақтау, Көкшетау, Балқаш сияқты туристік бағыттарға ерекше назар аударылады. Үшарал, Үржар және Балқаш әуежайларындағы шағын авиация терминалдары мен аэродромдарын жөндеу жұмыстары аяқталды, — деді Т. Ластаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Спикердің айтуынша, билеттердің орташа құны 18 мың теңге болатын 12 туристік әуе бағытын субсидиялау жалғасады.
Сондай-ақ, былтыр 10 әуежайда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілген. 350 млрд теңге жеке инвестиция тарту есебінен Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында үш жаңа жолаушылар терминалы жаңартылды. Бұл олардың өткізу қабілетін 6,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді (жылына 3,5 миллионнан 23 миллион жолаушыға дейін).
Бес әуежайда, оның ішінде Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды және Жезқазған әуежайларында ұшу-қону жолақтарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақтау және Павлодар әуежайларында күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады.
Айта кетейік, өткен жылы қазақстандық әуе компаниялар 15 млн-ға жуық жолаушы тасымалдаған.
Ал әуе рейстерінің кешігуін азайту үшін жаңа ұшақтар сатып алу жоспарлануда.