Білім саласында мамандарды даярлауда қандай өзгерістер болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Аттестау кезінде педагогтер жинайтын құжаттар азаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде ҚР Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқу-ағарту министрлігі Президент тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау мақсатында өңірлік білім басқармалары басшылары мен педагогикалық жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен шұғыл түрде кеңес өткізіп, осы бағыттардағы жұмыстарды жүйелі іске асыру мақсатында, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен ведомствоаралық Үйлестіру кеңесін құрды. Мәселелерді жіті зерттеп сапалы шешу мақсатында министрлік жанынан білім саласының сарапшыларынан жасақталған жұмыс тобы да құрылды», - деді Ғ. Бейсембаев.

Осы орайда ол мұғалімдердің деңгейін анықтау аттестаттау арқылы жүзеге асырылатынын еске салды. Қазіргі қолданыстағы ережелерге сай аттестаттау рәсімі 3 кезеңнен тұрады - дәрежені бағалау, қызмет нәтижелерін кешенді талдау, білімді бағалау.

«Аттестаттаудағы негізгі проблемалар – бұл педагогтердің электрондық және қағаз нұсқада жинайтын құжаттарының көптігі, аттестаттау комиссиясының ұсынылған құжаттарды ұзақ қарауы, тест тапсырмаларының сапасы. Сонымен қатар, басты мәселелердің бірі - аттестаттау процесінің объективтілігін, ашықтығын және академиялық адалдық принциптерінің сақталуын қамтамасыз ету. Осы мәселелерді реттеудің басты құралы ретінде аттестаттау процесін автоматтандыру қолға алынды. Қарапайым тілмен айтқанда, аттестация жүйесі «бір батырма» принципімен жүргізілетін болады. Яғни, мұғалім тек аттестациядан өтуге ниет білдіргенін растайды, ал аттестациядан өтушінің жеке құжаттары және оның деңгейін анықтайтын тиісті материалдарды ақпарттық жүйе өзі автоматты түрде жинақтап, талдап, қысқа уақыттың ішінде қорытындысын шығарады», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Оның пайымынша, бұл қадам адами факторды толықтай шектеп, объективтілікті орнатуға ықпал етеді.

Аттестаттаудың тестілеу рәсімі де жетілдірілмек. Барлық ұсынылған өзгерістер педагог қауымдастығымен жіті талқыланғаннан кейін, жыл аяғына дейін Педагогтерді аттестаттаудың қағидаларына тиісті өзгерістер бекітіледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсарту мақсатында, яғни Президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім беру саласында 1000 маманды іріктеу және даярлау бағдарламасы жұмыс топтарында талқылаудан өтті. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматтығы, жоғары білімі және кемінде 3 жыл педагогикалық еңбек өтілі бар педагогтер және басшының орынбасарларын тарту көзделген. Республикалық кадр резервіне даярлаудың және енгізудің 3 кезеңі айқындалды. Бірінші - «іріктеу», екінші - «дайындықтан өту», үшінші - «кадрлық резервке енгізу» кезеңдері. Әрбір модульден өткеннен кейін, аралық бағалау жүргізіледі, қорытынды бағалау нәтижелері бойынша педагогтерге жетекші мектептер базасында тағылымдамадан өту ұсынылады», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Осы орайда оларға сертификат тапсырылып, үміткерлер кадрлық резервке енгізіліп, білім беру ұйымдарының басшылық қызметіне конкурссыз негізде жұмысқа орналасады.

«Осыған орай, 2024 жылдан бастап жыл сайын жаңа форматтағы басшылардың, білім берудегі өзгерістер көшбасшыларының кадрлық резерві толықтырылатын болады. Бұл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде салынатын білім мекемелерін басшыларымен қамтамасыз ету мәселесінің оң шешімін табуына ықпал етеді», - деді Ғани Бейсембаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуі тиіс екенін айтты.

«Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар