Білім саласындағы өзгерістер: Резервтегі педагог басшылық лауазымға жоғары жалақымен жұмысқа тұра ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Осы орайда жалпы білім беру саласының даярлық деңгейі қоғам назарында тұрғаны анық. Қоғамда жиі көтерілетін мұғалімдердің жалақысы, балабақшамен қамтамасыз ету, үш ауысымдағы мектептердің мәселесі Оқу-ағарту министрлігінің құзыретінде. Сондықтан аталған ведомствоның вице-министрі Еділ Оспан салада атқарылған жұмыстар жайында егжей-тегжейлі баяндап берді.

- Еділ Сабырұлы, мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Биыл жаңа балабақшалар ашыла ма?

- 81 мыңға жуық жаңа орын ашу, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер есебінен республиканың барлық өңірлеріне қаржы бөлінді. Жалпы, 2025 жылға дейін 222 мыңнан астам жаңа орын ашу ескерілген. Биыл 2-6 жастағы балалардың 90,2 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамту жоспарда бар. Жыл басынан бері 30,1 мың орындық 330 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделі жүзеге асырылып отыр. Басым бағыттың бірі - қазақ тілінде тәрбиелейтін балабақшалар желісін кеңейту. Мұндай мектепке дейінгі ұйымдар саны олардың жалпы санынан алғанда 66,9%-ды құрады, бала контингенті - 743 мың. Қазір мектепке дейінгі ұйымдарда 97 мыңға жуық педагог жұмыс істеп жатыр.

Ата-аналармен қарым-қатынас орнату, бала тәрбиесінде бірлескен жұмыс жүргізу бағытында «Жас аналар мектебі» бағдарламасы әзірленуде, онда баланың жас ерекшеліктеріне сәйкес күтім, дұрыс тамақтану, ерте даму мәселелері қамтылады.

«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының нормасымен педагогтың кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде үш жылда бір рет біліктілігін арттыру құқығы айқындалған. Осыған байланысты биыл мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың 19 мыңнан астам педагогы біліктілікті арттыру курстарынан өтуде.

- Балабақша педагогтері мен мектеп мұғалімдерінің жалақысы өсе ме? Педагогтарды аттестаттау рәсімі қалай жетілдіріліп жатыр? Олардың кәсіби деңгейі қалай бағаланады?

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, педагогтардың лауазымдық жалақысы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 25 пайызға өсті. Осылайша педагогтардың жалақысы 2020-2023 жылдары 100 пайызға өсті.

Биыл 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарының жалақысын 30 пайызға көтеру жоспарланған.

Бұл өз кезегінде 95 мыңнан астам мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарын қамтиды, оның 58 мыңнан астам мемлекеттік білім беру ұйымының және 37 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын жекеменшік ұйымының мамандары.

Бұдан бөлек, 2012 жылдан бастап «Үздік педагог» республикалық байқауы өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 620 педагог жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы алды.

Қазіргі кезде 217 мың мұғалім жаңа жүйе бойынша аттестаттау қорытындысымен негізгі жалақыға қосымша ақы алады.

Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу де алынып тасталды. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пән бойынша ғана тестілеуден өтеді. Педагог-зерттеуші мен шебердің біліктілік санатын растау да жойылды. Тек ұлттық платформа арқылы бақыланатын болады. Бұл ретте «педагог-шеберлердің» үздік тәжірибелері тек бір облыс аясында ғана емес, еліміздің кемінде 5 өңірде таратылуы тиіс. Кәсіби қызметке алғаш рет кірісетін немесе жұмыс өтілінен үзіліс алған педагогика мамандығының түлектері педагогтың кәсіби құзыреттілігін диагностикалау бойынша тестілеуден өтеді.

Былтырдан бастап бірінші басшылардың ротациясы басталды. Қазір 1 000-нан астам бірінші басшы орын ауыстырды. Сонымен бірге, мектеп директорларының тапшылығы байқалды. Қазір біз президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу әрі бекіту бойынша жұмыс бастадық. Бағдарламаға ҚР азаматтығы, жоғары білімі және кемінде 3 жыл өтілі бар педагогтар немесе басшының орынбасарлары қатысады. Іріктеу, даярлау және сертификаттаудың үш кезеңдік жүйесі резервтегі педагогтардың білім беру ұйымдарында басшылық лауазымдарға конкурссыз жоғары жалақымен жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Осылайша, 2024 жылдан бастап жыл сайын жаңа форматтағы басшылардың, Білім берудегі өзгерістер көшбасшыларының кадрлық резерві толықтырылатын болады.

- Биыл 1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары толықтай тегін тамақпен қамтылатыны туралы ақпарат тараған еді. Сонда, еліміздің барлық өңірлері бастауыш сынып оқушыларын толықтай тегін тамақпен қамтамасыз ете ме?

- Еліміз бойынша тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Осы уақытқа дейін 9 өңірде әкімдер мен маслихаттардың бастамасы бойынша әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін тамақтанып келді. Атап айтсақ, олар Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Қызылорда облыстары мен Астана, Шымкент, Алматы қалалары.

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында Үкімет пен әкімдерге 2027 жылға дейін еліміздегі барлық бастауыш сынып оқушыларын мектепте тегін ыстық тамақпен қамту туралы тапсырма берді. Осыған орай қазір жоғарыда аталған 9 өңірге қосымша қалған 11 өңір әкімдіктері бұл мақсатта тиісті қаражат қарастырды. Олар, Абай, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары.

Биылғы 1 қыркүйектен бастап еліміз бойынша 1,6 милионнан астам барлық бастауыш сынып оқушысы және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасы балалары мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

- Апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесі қашан толық шешіледі?

- Мектеп құрылысы мәселесі бойынша 1 қыркүйекке дейін 65,6 мың орынға арналған 52 мектеп, ал жыл соңына дейін 66,4 мың орынға арналған тағы 102 мектеп іске қосылады. Бұл өз кезегінде 12 апаттық және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге ықпал етеді. Жалпы, үш ауысымды мектеп мәселесі 2025 жылдың соңына қарай толық шешілуі тиіс.

- Техникалық және кәсіптік білім беру салаларын дамыту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

- Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды қамту, сондай-ақ NEET санатындағы жастар санын қысқарту мақсатында 9 және 11 сыныптар базасында оқуға түсушілерді тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту шаралары қабылданып жатыр. Биылғы оқу жылына мемлекеттік тапсырыс қосымша республикалық бюджеттен 50 мың орынға ұлғайтылып, барлығы колледждерге 130 мыңнан астам жас студент тегін қабылданады.

2022 жылы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 75 мың талапкер коледждерде мемлекеттік гранттарға ие болды. Биыл да осы жұмыс жалғасатын болады. Жалпы 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыс көлемі 150 мың орынға дейін ұлғайтылмақ.

Президент тапсырмасына сәйкес, техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылды.

Жыл сайын кәсіпорындардың тапсырысы бойынша 10 мың талапкерді қабылдау жоспарланған. 2030 жылға дейін 80 мың студентті қамту көзделген. Тапсырыс беруші кәсіпорындар іс-тәжірибені ұйымдастыру және түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша міндеттеме алатын болады. Сонымен қатар, биылдан бастап жоғары сынып оқушыларына жұмыс біліктілігін беру бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Оқушы колледж базасында кәсіптік даярлаудан өтсе, жалпы білім беретін пәндерді дәстүрлі түрде мектеп базасында игеретін болады. Жоба нәтижесінде 11 сынып бітірген оқушы мектеп аттестатымен қатар колледж дипломын алып еңбек нарығына шыға алады.

Студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту - басты міндеттердің бірі. Биылдан бастап сырттан келіп оқитын студенттер қысқы және жазғы каникул кезеңінде құжаттарын растамай-ақ жол жүру ақысын ала алады. Бұрын колледж студенттеріне жол жүру ақысын тиісті құжаттар ұсынылған кезде төленетін.

- Техникалық және кәсіптік білім алушы студенттердің неше пайызы тегін оқитын болды?

- Биыл мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайту нәтижесінде, еліміздің колледждерінде оқитын студенттердің 80%-ы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алады. Алдағы уақытта колледждерге түсуге ниет білдірген талапкерлерді тегін біліммен қамту жұмыстары жалғасады.

- Колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы өсе ме?

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясының мөлшері көтеріледі. Ұлғайтылған стипендия мөлшері: орта буын мамандықтары бойынша 20 948 теңгеден 31 422 теңгеге дейін, жұмысшы біліктілігі бойынша 21 787 теңгеден 32 681 теңгеге дейін өседі.

- Қоғамда білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі үнемі көтеріліп жатыр. Осы бағытта дабыл жүйесімен, лицензиясы бар күзетпен, турникеттермен жабдықтау қаншалықты қамтылған?

- Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметі бойынша 700-ден астам контингенті бар білім беру ұйымдарының 98 пайызы лицензияланған күзет агенттіктерімен шарт жасасты. Білім беру ұйымдарының 98% Жедел басқару орталығына қосылған. Дабыл түймелерімен ұйымдардың 98 пайызы жабдықталған. Турникеттер ұйымдардың 97 пайызында орнатылған. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік көрсеткіштері Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілген, бұл күнделікті мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ұлттық білім беру деректер қорынан алынған деректер енді Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы қайта тексеріледі. Әкімдіктер барлық рәсімдерді 1 қыркүйекке дейін аяқтайды.

- Оқушылар арасындағы буллинг мәселесі қалай шешіліп жатыр?

- Жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу жөніндегі жұмыс білім беру ұйымының жыл сайынғы жоспары негізінде жүзеге асырылады. Оған білім алушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, мектепішілік есеп, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялар тарапынан профилактикалық көмек кіреді.

Балалардың тәртіп бұзуына жол бермеу бағытында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу процесіне ерекше назар аударылатынын атап өткен жөн. Осы орайда Министрлік орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет жұмысының бірыңғай қағидаларын бекітті. Бұған дейін психологиялық қызметтердің жұмысын әрбір өңір әкімдігі дербес реттейтін еді.

- Әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар