Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан құрамасы Испаниямен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 22-27 қыркүйекте өтетін командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіндегі Қазақстан әйелдер құрамасының қарсыласы анықталды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, жеребе қорытындысына сәйкес қазақстандықтар ¼ финалда Испания құрамасымен шеберлік байқасады.
Сондай-ақ ширек финалда Италия Қытаймен, Украина Бельгиямен, Чехия Ұлыбританиямен ойнайды.
Әр матч үш ойыннан: екі жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады.
Өткен жылы командалық әлем чемпионатында Италия құрамасы үздік шыққан болатын.
Биыл қазақстандық теннисші қыздар сәуірде елордада іріктеу матчында Канаданы 3:1 есебімен ұтып, финалдық кезеңге жолдама алған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Лондон турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик Штутгарттағы турнирде германиялық теннисшіден есе қайырды.