Былтыр интернет алаяқтық фактісі 22%-ға артқан
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы алаяқтар қазақстандықтарға 84,5 млн рет қоңырау шалған. Бұл туралы адвокат Сұлтан Қанатұлы Jibek Joly арнасындағы «Бүгін live» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
ҚР Ішкі істер министрлігі ұсынған ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы интернет-алаяқтық қылмыстары 22 пайызға артқан. Ал келтірілген залал көлемі 6 миллиард теңгеге жеткен. Сұлтан Қанатұлының айтуынша, бұл жағдай азаматтардың жеке деректері мен қаржылық ақпараттарының қауіпсіздігіне елеулі қатер төніп тұрғанын аңғартады.
— Қазіргі таңда 50–60 жастан асқан азаматтар әлеуметтік желілердегі түрлі сілтемелерге кіріп, интернет-алаяқтардың құрбанына айналып жатады. Алаяқтар көбіне ірі сауда компанияларының атын жамылып, жалған акцияларды жарнамалайды. «Белгілі бір сомада қаржы салсаңыз, бірнеше күн ішінде ақшаңыз 2–3 есеге өсіп қайтарылады» деген жалған уәдемен сенімге кіреді. Өкінішке қарай, оңай пайдаға сенген азаматтар сан соғып қалып жатады. Тағы бір кең тараған тәсіл — өздерін полиция қызметкері ретінде таныстыру. Олар дөрекі әрі өктем дауыспен сөйлеп, «балаңызға қауіп төніп тұр» деп қорқытады немесе қылмыстық іс қозғалғанын айтып, үрей туғызады. Сонымен қатар, банк қызметкері атынан хабарласатын алаяқтар да көбейген. Олар психологиялық қысым көрсету арқылы адамның сабырын бұзып, асығыс шешім қабылдатуға тырысады, — дейді адвокат.
Спикердің сөзінше, банк те, құқық қорғау органдары да телефон арқылы құпия ақпарат сұрамайды. Сондықтан кез келген қоңырауға сақтықпен қараған дұрыс деп кеңес береді.
— Алаяқтар 25 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға да жиі хабарласады. Олар түн ортасында хабарласып «балаңызға қауіп төніп тұр» деп ата-аналарды қорқытады. Мұндай жағдайда ата-ана бөгде адамға емес, алдымен өз баласымен байланысып, жағдайды нақтылауы қажет. Көп ата-ана эмоцияға ерік беріп, қолдағы ақпаратты немесе қаражатты бере салады. Бұл үлкен қателік, — деді ол.
Осы орайда Сұлтан Қанатұлы алаяққа алданып қалған жағдайда ақшаны қайтарып алудың нақты әдістері бар екенін мәлімдеді.
— Алаяқтық құрбаны болған жағдайда азаматтар дереу Ішкі істер органдарына арыз жазуы қажет. Барлық ақпарат пен телефон арқылы жасалған транзакциялар киберқауіпсіздік полициясының қызметкерлері тарапынан тексеріледі. Ақшаның кімге аударылғаны анықталып, қажет болса, төлемдер бұғатталады. Тәжірибе көрсеткендей, кей азаматтар қаражаттарын толық қайтарып алған. Қазіргі уақытта Киберқауіпсіздік полициясы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесе ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Алайда айлакерлер әртүрлі әдістер мен жүйелер арқылы шабуылдарын тоқтатпайды. Олардың домендері мен IP-адрестері үнемі өзгеріп отырады. Ел ішінде болған жағдайда мамандар әрекетті жедел түрде тоқтата алады. Бірақ алаяқтардың басым бөлігі шетелден хабарласады, ол кезде процесс ұзаққа созылады, — дейді спикер.
Айта кетейік, жақында киберполицейлер бірнеше алаяқткиберық схемаға қатысы бар дропперді ұстады.