Былтыр Қазақстан қанша тонна ет экспорттады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде өткен жылы 1 млн 235 мың тоннадай ет өндіріліп, оның 102 мың тоннасы экспортталған. Бұл туралы Kazinform агенттігі жолдаған сауалға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми жауабында айтылған.

— 2024 жылы ішкі нарықта ет өнімдерін өткізу көлемі келесідей:
- сиыр еті – 419,6 мың тонна;
- жылқы еті – 173,7 мың тонна;
- қой мен ешкі еті – 131,3 мың тонна;
- шошқа еті – 57,8 мың тонна;
- құс еті – 452,4 мың тонна.
Жалпы мөлшері 1 234,8 мың тонна ет өндірілді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ведомство 2024 жылы елден шығарылған ет көлемін де мәлімдеді.
— 22,1 мың тонна ірі қара мал еті шығарылды, оның ішінде негізгі импорттаушы елдер: Өзбекстан – 20,7 мың тонна, Тәжікстан – 609 тонна, Иран – 298,4 тонна, Қырғызстан – 295,0 тонна.
17,6 мың тонна қой еті шығарылды, оның ішінде негізгі елдер: Өзбекстан – 13,8 мың тонна, ОАЭ – 1,2 мың тонна, Иран – 1,1 мың тонна.
0,2 тонна жылқы еті Ресей Федерациясына экспортталды.
42 мың тонна тауық еті шығарылды, оның ішінде негізгі елдер: Ресей – 25,7 мың тонна, Қырғызстан – 12,5 мың тонна, Өзбекстан – 1,6 мың тонна, Тәжікстан – 1,5 мың тонна.
20 тонна шошқа еті Армения еліне экспортталды, - делінген жауапта.
Айта кетейік, былтыр жыл соңында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов елімізден Қытай, Түркия және Еуропа елдеріне ет экспорттау басталатынын айтқан болатын.