Binance-тың негізін қалаушыға ХАМАС-қа қаржылай жәрдемдесті деген айып тағылды

АСТАНА. KAZINFORM — Binance криптобиржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжао 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылдан кейін ХАМАС қозғалысының пайдасына миллиондаған доллар аударуға ықпал етті деген айыпқа қалды. Бұл туралы  РИА Новости хабарлады.

Binance криптобиржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжао
Фото: platoaistream.com

Financial Times басылымының АҚШ федералдық сотына берілген талап-арызға сілтеме жасап хабарлауынша, туыстары қаза тапқан, жараланған немесе кепілге алынған америкалық азаматтардың шағымы негізінде Чжао мен оның Binance платформасы ХАМАС пен «Хезболлаға» «саналы түрде елеулі қолдау көрсетті» деп айыпталып отыр. Олардың қаржы ағындарының көздері мен бағыттарын жасыруға мүмкіндік бергені айтылған.

Талап-арызда мұндай аударымдар Binance компаниясы 2023 жылғы қарашада АҚШ-тың санкцияларды және ақшаны жылыстатуға қарсы заңдарды бұзды деген айыптарды реттеу үшін 4,3 миллиард доллардан астам төлеуге келіскеннен кейін де жалғасқаны көрсетілген.

Еске салсақ, CZ лақап атымен танымал Чжао бұған дейін ақшаны жылыстатуға қарсы талаптарды бұзғанын мойындап, төрт айға бас бостандығынан айырылған еді, алайда қазан айында оны Трамп кешірген.

Forbes деректеріне сәйкес, Чжаоның дәулеті шамамен 86 миллиард долларға бағаланады. Ол Binance биржасын 2017 жылы құрған және әлі күнге дейін компанияның негізгі үлесінің иесі болып қалып отыр. Чжао мен Binance сондай-ақ Трамп әулетінің криптовалюта саласына салған инвестициялары аясында да аталады. Өткен жылы Трамптың ұлдары — Эрик және Дональд-кіші — World Liberty Financial компаниясын құрды.

Еске сала кетсек, былтыр АҚШ-та Binance ірі криптобиржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжаоның сотталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар