«Бипэк Авто» компаниялар тобынан мемлекетке 11,6 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобынан мемлекет меншігіне 11,6 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді. 

«Бипэк Авто» компаниялар тобынан мемлекетке 11,6 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді
Коллаж: Kazinform/Midjourney/Freepik

Бұл туралы ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұқанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім етті.

– Жыл басынан бері департамент өндірісінде 17 қылмыстық іс тергелген. Соның ішіндегі ең ірілердің бірі – «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобына қатысты іс болды. Тергеу нәтижесінде мемлекет кірісіне жалпы құны 11,6 млрд теңгеден асатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде автокөліктер, жылжымайтын мүліктер, әуе кемелері және демалыс базасы бар, - деді ол. 

Сондай-ақ кезінде Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға тиесілі болған, алайда заңсыз иеліктен шығарылып «Алтай ШҚАТ» ЖШС-ға беріліп кеткен ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылды. 

– Аталған нысанның құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Тергеу органдары жұмысының арқасында өңірдің стратегиялық маңызы бар білім нысаны мемлекет бақылауына қайта өтті, - деді Тимур Мұқанов. 

Бұдан бөлек, Ұлан ауданының Шыбынды және Самар ауданының Құлынжон өзендерінің аңғарларында бағалы металдарды заңсыз өндірудің екі фактісі тіркелген. Мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асты. Тергеу барысында 6 келіден астам алтын, 56 мың АҚШ доллары және кен өндіруге арналған техника тәркіленді.

Заңсыз өндірісті ұйымдастырған тұлғалар қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске салсақ, ШҚО-да «БИПЭК АВТО» компаниясынан тәркіленген шипажай былтыр аукционда сатылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар