Бір бәйгеде 7 аты жүлде алған қандаспен сұхбат: Моңғолияда шетелден алдырған будан жүйріктерді жеке жарыстырады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Моңғолиядағы қандасымыз Сапар Байынұлының 4 бірдей аты бір күнде жүлде алғанын жазған болатынбыз. Нақтырағында аймақтық деңгейдегі жарыстан атбегінің 7 аты жүлде алған екен. Оны атқұмар қандасымыз ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Сапар мырза, әуелі жүлделеріңіз құтты болсын айтайық. Бір бәйгеде 4 бірдей атыңыздың жүлделі келгенін естіп, Қазақстандағы ел де тамсанып жатыр. Жалпы жұртқа түсінікті болу үшін кеңірек айта кетсеңіз, бұл республикалық деңгейдегі жарыс па еді? Сәйгүліктеріңіз неше аттың ішінен, қандай қашықтықтарда топ жарды? Жалпы сол бәйгеге неше ат қосқан едіңіз? Айғыр жарыс, бесті ат жарысы деген сияқты атауларға түсінік бере кетсеңіз. Жалпы Монғолиядағы тәртіп бойынша бәйге аттарына қандай қашықтықтарда жүлде үлестіреді?

- Алдымен атажұрттағы елге өзімді аздап таныстыра кетейін. Руым – керей. Керейдің ішінде Шеруші, Шерушінің ішінде Саңырау Рысқұл деген атадан тарағанбыз. Ал моңғолдың ат бәйгесіне келсек, Наадам мерекесі деп айтамыз, жетінші айдың 11-12-сі күндері бүкіл Моңғол елінде ұлттық тәуелсіздік алған мереке жылына бір рет тойланады. Осы тойға ат бапкерлері сәйгүліктерін жыл он екі ай баптап, қосады. Менің бұл жолғы бірнеше жүлде алғаным сіздерше болғанда облыстық деңгей ғой. Одан кейін мемлекеттік деңгейде ат жарысы, балуан күресі және садақ атудан ел астанасында жарыс өтеді. Түсінгеніңіздей, мен облыстық деңгейдегі жарысқа қатыстым. Негізі 7 атым бәйгелі болған. Жуан ат пен құнаным бірінші орын, айғырым мен дөненім төртінші орын, тағы бір дөненім екінші орын, тай мен бесті атым үшінші орын алып, жалпы жиыны жеті атым бәйгеден келді.

Бұл деңгейдегі бәйгеден жүлде алғандар «Өңірлік деңгейдегі ат бапкері» деген атақ алады. Сол сияқты аудандық деңгейде аты келгендер аудан деңгейіндегі, республикалық бәйгеде аты келгендер мемлекеттік деңгейдегі бапкер атанады. Облыстық деңгейдегі бапкер атану үшін облыстық бәйгеден кем дегенде үш атың бірінші келуі керек. Оның үстіне 8 атың 5-ке дейінгі орынға кірген болу керек. Жуан аттар 24 шақырымға, бесті аттар 23 шақырымға, дөнен 16 шақырымға, құнандар 14 шақырымға, тай 11 шақырымға, айғыр 23 шақырымға жіберіледі. Моңғолдың таза қанды атының бойы аласа келеді. Кезінде Шыңғыс хан дүние жүзін осы аласа атпен аралап жүрген. Бойы аласа болғанымен өте төзімді жануар. Бұл жақтағы бәйге алаңы ойлы-қырлы, таулы-сулы болады. Соның бәрін ескеріп, осындай шақырымдарға бөледі, жылқының жасына қарай жіктеп қосады. Біздегі бәйгенің өзгешелігі осындай.


- Сізді ұзынқұлақтан белді кәсіпкер деп естіп жатырмыз. Бір бәйгеге бірнеше ат қосу кез келген атбегінің қолынан келмейді ғой. Ат баптаудан басқа табыс көзі бар ма?

- Биыл жыл он екі ай қолыма 24 ат ұстап, баптап, жемдеп бәйгеге қостым. Ат баптау деген оңай шаруа емес. Осындай қалың аттың бабын келтіру үшін көмекші, бапкер ұстаймыз. Қыстай жемдеу керек. Қысқасы, бірнеше адамды жұмыспен қамтимыз. Ат баптағанда күніне бірнеше шақырым жүгіртеміз. Оның бәріне біршама қаражат кетеді. Қысқасы ат баптаудан ғана табыс тауып, баю мүмкін емес шығар. Сондықтан өзім негізінен атбегілікке көңіл өсіретін хобби ретінде қараймын. Бала кезімнен ат баптап, асау үйреткенім бар. Бастауыш сыныпта жүргенде шабандоз бала атандық. 9-10 сыныпқа келгенде ат баптап, ол атым аудандық деңгейде бірінші келген. Кейін осы іске қайта қол тиіп, хоббиді жалғастырып жатқан жайымыз бар.

Ал кәсіпке келсек, аға-бауырларыммен бірге компания ұстаймыз. Қазақстан, Ресей, Армения елдерінен ішіп-жем импорттап, соларды Монғолия көлемінде сатамыз. Дегенмен, соңғы жылдары мен өзім ат баптауға көбірек көңіл бөліп жүрмін. Бизнеске інілерім жауаптанып келеді.


- Біз жақта аламанға үкілеп қосатын таза қазақи жылқы қалмай бара жатқанын естіп жүрген шығарсыз. Шамасы келгеннің бәрі жүйрік атты шетелден алдыртып жатады. Мұндай тәсіл Монғолия қазақтарының арасына кіріп үлгерді ме? Өзіңізге жүлде алып берген жеті ат түгел жергілікті тұқым ба?

- Моңғол жылқысының бойының орташа өлшемі бар. Бәйгеде сол бойының өлшемінен аспау керек деген талап қатаң сақталады. Шетелден әр түрлі айғыр, бие әкеп будандастыру бұл жақта да бар. Оны моңғол бапкерлері ғылыми түрде жүргізеді. Бірақ ондағы мақсат – моңғол жылқысының негізінде сапалы тек шығару. Осы бағытта жұмыс істейтін арнайы мемлекеттік бағдарлама бар. Ал енді бәйгеге келсек, жарысқа түсетін аттардың бәрінің бойының өлшемі қатаң қадағаланады. Тұрқы моңғол жылқысының өлшемдерінен аспау керек. Егер одан бір немесе жарты сантиметр асып кетсе, бәйгеден шеттетіледі.

Жалпы Моңғолияда ат байлайтын қазақтар өте көп. «Мемлекеттік дәрежедегі ат бапкері» атағын алған екі қазақ азаматы бар. Облыстық, аудандық деңгейдегі азаматтар баршылық. Шамамен 200-ден асатын атбегі қандасымыз бар шығар. Жалпы ат байлайтын қазақ көп.


- Жергілікті сайт сіздің қыс бойы 24 жылқыны қолға ұстап, үлкен бір командамен жыл он екі ай ат баптайтыныңызды жазды. Бұл қандай тәсіл? Баяғыда аталарымыз бәйге атының жілік майы қаншалықты жетілгенін біліп отыру үшін жанына бірнеше атты жұптап жарататын деуші еді. Сіздікі соның жұрнағы емес пе?

- Бұрын болғанда атты қыстай тебінге жіберіп, жазғытұрым ұстап алып, 1-2 апта баптап қана қосатынбыз. Қазір бәсеке өте жоғары, аттар сапалы болып кеткен. Бәйгеге қосу тәсілдерін үйрету үшін шетелдің бапкерлері кеңес беріп жүр. Моңғолдың байырғы атбегілері де ғылыми түрде айналысатындықтан, біз де солардан қалыспауға тырысып келеміз. Жыл он екі ай атты арнайы жемдеп, баптайтынымыз сондықтан. Қыстай арам терін алып, жілік майын жеткізіп бағамыз. Жалпы жұмысы көп. Соның жалғыз нәтижесін Наадам мерекесінде көреміз. Ал жазғытұрым немесе күзде ел ішіндегі ірілі-ұсақты тойларда бақ сынаймыз. Өз арамызда мәшине, мотоцикл тігіп, бәйге өткіземіз. Оның бәрінен маңыздысы өзім айтып отырған Наадам мерекесі. Оған ішкері жақтан неше түрлі сәйгүліктер қатысады. Олардың деңгейі қатты өсіп кеткен. Солармен байланысты үзбеуге тырысамыз. Ақыл-кеңесі керек.


- Мақсатыңыз қолыңыздағы тұқымдардың қанын асылдандыра түсу екенін айтыпсыз. Нақты бір ғылыми жобаңыз бар ма? Бұл істі қалай еңсермекшісіз? Құпия болмаса, кілең жүлде салатын жүйрікті қолға қалай түсіріп жүрсіз? Жеті бірдей атыңыздың бір бәйгеде жүлдеге ілінуі ненің арқасы деп ойлайсыз?

- Мақсатымыз – келешекте қазақ елінен ахалтеке тұқымын әкеп, осында будандастыру. Біраз азаматтар осылай кеңесіп жүрміз. Баян Өлгейдегі қазақтардың арасында жүйрік құлын туғызатын жоба жасасақ деген ой бәріміздің басымызды біріктірді. Кейбір азаматтар қазірдің өзінде Англиядан ағылшын айғырын әкеліп, жылқыға қосты. Біз де осы бағытта еңбектеніп көрсек деп отырмыз. Оның бәрі уақыттың еншісінде.

Өз қолымдағы жүйріктерді әр жерден әкелдім. Моңғолияда 21 аймақ бар. Соның ішінде Сүх батыр аймағы, Дорнод аймағы деген жерлерде жүйрік көп. Оның сыртында Төв, Увс, Қобда аймақтарындағы танымал деген атбегілерден 3-4 жыл бұрын ат таңдап алдым. Онда да шыққан тегін сұраймыз. Аға-бауырлары қаншалықты бәйге алғанын шежіресінен қарап отырып, сатып аламыз. Қазір бәйге алған 7 аттың ішінде осы аймақтардан келген аттар бар. Өзіміздің Баян Өлгейдің тұқымы деген 1-2 ат бар. Олар биыл жақсы шаппай қалды.

Сіздер 4 бірдей ат деп жазып жатсыздар ғой, бізде алдыңғы 5 орынды бәйгелі орын деп ұстайды. 4 емес, 7 атым бәйгелі болды деп отырғаным содан. Оның бәрі еңбектің арқасы. Қыс бойы ерінбей, жалықпай, жемшөбін дұрыс беріп, дәлме-дәл мөлшерлеп, жазғытұрым көк алқапты жерге жайылту деген сияқты өзінің тәсілдері бар. Осыған ерінбей-жалықпай артынан түсіп, баптаймыз. Баптың, біздің командадағы азаматтардың арқасы. Бір дүниеге шын ниетпен кіріссеңіз, нәтиже шығады ғой. Соны осы жолы көріп отырмыз.


- Қазақстанда халықаралық деңгейдегі ат жарыстары болып жатады. Осындай байрақты бәсекелердің бірінде бақ сынап көру ойыңызда жоқ па?

- Әрине, Қазақстанның бәйгелеріне қатысқымыз келеді. Ол жақтың жарыс қашықтығы, аттардың дене бітімі мұңғұл жылқысынан бөлек қой. Сондықтан ол жақта ат қосу үшін сол жақтан ат сатып алуымыз керек. Оны өз ортасында баптауымыз керек. Келешекте ол да ойымызда бар. Қазақстанда ат баптап, ат қоссақ деген арман бар. Өйткені екі елдің ат бапкерлерінің тәжірибесін біріктіре алсақ, үлкен нәтиже шығады деп ойлаймын.

- Монғолиядағы қазақ жастарының атбегілікке, шабандоздыққа қызығушылығы қандай? Бәйге атына мінетін тақымы тастай бала табу қиын емес пе?

- Мұндағы қазақ жастарының атбегілікке, шабандоздыққа қызығушылығы өте жоғары. Бұлар енді бала кезінен тай мініп, қозы бағады. Жайлауда көкпар тартып өседі. Сондықтан тақымы тастай бала көп. Шабандоз іздеп шаршамаймыз. Ағайын-туыстың балалары-ақ шабандоз болып береді. Олар да өзінің жалақысын, атақ-абыройын алады. «Жылдың үздік шабандозы» деген сияқты атақтар бар. Осындай ынталандыру жағы қарастырылған. Жалпы атқа мінетін бала табу жағынан көп мәселе болмайды.


- Жуықта Абай облысында 140 шақырымға алман бәйге жарияланып, соңы дауға ұласқанын естіген шығарсыз. Сіздерде мұндай келеңсіздіктер болып тұра ма? Жалпы атты 140 шақырымға жіберу қаншалықты қисынды? Монғолияда ондай бәйгеге төтеп бере алатын сәйгүліктер бар ма?

- 140 шақырымға шабатын атыңыз тұқымын арнайы сапаландырған, тұрқы үлкен ат болса керек. Біздің моңғол халқында арабтан, ағылшыннан, басқа да танымал елдерден жүйрік аттар, айғырлар әкеліп жатыр. Былтырдан бастап ондай будандардың өздерін жеке жарыстыратын заң шығарған. Оған да атақ-абырой, дәреже береді. Дегенмен жарыстары жеке өтеді. Әзірге біз ондай аттарға қызығып отырған жоқпыз. Өзіміздегі жергілікті жылқына баптап, соның қызығын көріп жүрміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!




Соңғы жаңалықтар