Бір уыс тарысы мен құртын бөліп берген қазақ халқына алғыс айтамыз - Инна Ли

 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Әкем 6 жасында жер аударылып, қазақ даласына келді. Өздері тойып тамақ ішпеген, бүтін киім кимеген қазақ халқы қолында барын берді. Бұл туралы тарих пәнінің мұғалімі, университет оқытушысы Инна Ли айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

 Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Инна Ли әкесі Климентьевтің тағдырын көзіне жас алмай айта алмайды. Климентьев бар болғаны 6 жасында ата-анасымен бірге жер аударылған. «Әкем адамдарға емес, малға арналған вагонмен бірнеше ай бойы жүріп, қазақ жеріне келді. Ол өз әңгімелерінде «жол бойы адамдардың өлі денесі тау болып үйіліп жатты» деп жиі айтады. Аштықтан, шөлден көз жұмған адамдарды ешкім жерлемеді. Оларды тек вагоннан ысырып, жерге лақырып тастаған. Қазақ жеріне келген соң оларға жатын орын, тамақ берген де ешкім болмады. Корей халқын шпион деп атап, оларға жақындауға тыйым салған. Барлық кедергіге қарамасқан қазақ халқы біздің ата-бабамызға көмектесті. Сол үшін де алғысымыз шексіз»,- деді  Инна Ли. 

 Дәл сол кезде Жапонияда соғыс болып жатты. Ал қазақ жеріне келген корей халқын жапондардың шпионы деп айыптады. Көмектесуге, қамқор болуға жан-жақты тыйым салынғанымен, қазақ халқы басына іс түскен адамдарды бауырына басты. «Ашаршылық жылдарын өткерген халықтың жағдайы нашар болды. Соған қарамастан олар құрт, бір уыс тары әкелді. Қыстауға жайғасқан қазақтың әр отбасы бірнеше адамға пана беріп, өз шаңырағына шақырды. Бір мезетте екі отбасын баққан адамдар да болды. Сондықтан «Алғыс айту күнінің» біз үшін маңызы мен мәні зор. Қазақтың жеріне келіп, халықтың қамқорлығына бөленген әр ұлт алғысын айтуы керек деп есептеймін.

 «Кореяға қайта оралғыңыз келмей ме?» деп сұрайды. Мен - Қазақстан азаматымын. Мен осы жерде туып өстім. Тарихи Отаныма барып, танысқым келеді. Бірақ мен ол жаққа түбегейлі қоныстанып қалғым келмейді. Себебі, Қазақстан - менің Отаным»,- деді Инна Ли.

Соңғы жаңалықтар