18:55, 23 Маусым 2010 | GMT +5
Бірінші шілдеден бастап ақтөбелік полицейлер азаматтардың арыздарын электрондық тіркеу жүйесіне көшеді
АҚТӨБЕ. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бірінші шілдеден бастап ақтөбелік полицейлер азаматтардың арыздарын электрондық тіркеу жүйесіне көшпек. Осы арқылы ашықтыққа қол жеткізіліп, азаматтардан түсетін арыздар мен шағымдардың қарастырылуы мерзіміне бақылау қамтамасыз етіледі. Бұл туралы бүгін облыстық ІІД-де болған семинарда әңгіме болды.

ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, семинарға Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мен Көліктегі батыс ІІД ішкі істер органдары қызметкерлері мен прокурорлары қатысты.
Жаңа жүйенің артықшылығы, азаматтардың арыздарын тіркеу кезінде ол Ішкі істер департаментінің мәліметтер қорына енгізіліп, автоматты түрде Бас прокуратураның серверіне түсіп тұрады. Осының арқасында, материалдарға қатысты шешімнің орындалуын қадағалап отыруға АІІБ, ІІБ, ІІД мен бірге, прокуратура өкілдері де мүмкіндік алады.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, бұндай жүйе Астана мен Павлодар облысында ойдағыдай жұмыс атқаруда. Ақтөбеде ол шілденің бірінен бастап іске қосылады.