Біртектілік пен бірлік - береке бастауы

Қазақ елі өз алдына тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық ахуалын барынша жақсарта түсу арқылы халықтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасауға, сол арқылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылған ел. Ал бұл мақсат-мүддеге қол жеткізу үшін ең алдымен халықтың бірлігі мен берекесі, ынтымағы қажет екендігі түсінікті.
Сондықтан да ҚР Президентінің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап ретінде әзірлеген «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 4-ші бөлімінде біртектілік пен бірлік мәселесіне айрықша назар аударылған. Мәселен, осы бөлімнің 85-ші қадамында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу қарастырылған. Есте болса, Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясының тарихи астарына тоқталған болатын. «Мәңгілік ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргетасын қаладық. Мен Мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары - «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым», - деп атап өткен болатын. Ендігі уақытта «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы ендігі уақытта «100 нақты қадамның» да өзегіне айналып, одан ары ұштала түсері анық.
86-шы қадамда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел - үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру көзделген. Жоба қазақстандықтардың біртектілігін нығайтып, азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызуы тиіс. Бұл ретте өңірлік мәдени-туристік кластерлері құрылып, Атыраудан Алатауға, Ақ Жайықтан Алтайға, Атыраудан Алатауға дейінгі ұлан байтақ жердегі Қазақстан халқының алыс-берісі жандануы, қазақтар мен тарихтың түрлі соқпағымен еріксіз қазақ жеріне қоныс аударған өзге де ұлт өкілдерінің тату-тәтті тіршілігі одан әрі нығая түсуі қажет.
87-ші қадамда азаматтық біртектілікті нығайтудың «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, оның аясында технологиялық жобалар серияларын іске асыру қарастырылатын болады. Соның бірі - «Қазақстан энциклопедиясы» кең көлемді интернет жобасын құру. Мұндағы басты мақсат - әрбір азаматқа және шетелдік туриске ел туралы көбірек білуге көмектесу. Шындығында бүгінгі күні Қазақстан жайындағы танымдық-ақпараттық сайттар ашылып, кітапшалар қазақ, орыс жән ағылшын тілінде шығарылып жатқаны белгілі. Дегенмен, «Қазақстан энциклопедиясының» орны өзгеше болмақ. Онда Қазақстан бойынша 3D бейне турлары, елдің тарихы мен мәдениеті, қызықты оқиғалары және қарапайым қазақстандықтардың өмірі туралы ақпараттар орналастырылады. Портал бір есептен елдің «сапарнама карточкасына», ұлттық жол көрсетушісіне, азаматтар үшін ұлттық құрмет тақтасына және виртуалды хабарласу тұғырнамасына айналады.
88-ші қадамда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру көзделеді. Есте болса, 2012 жылдың 3 шілде күні Астанада өткен Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жария еткен болатын. Ендігі уақытта бұл бағдарлама «100 нақты қадаммен» ұштасып, білім мен ғылым саласында зор жетістікке жетіп, елімізде жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламаларды мемлекеттік саясат талаптарына сай қарапайым жұмыскерден бастап, кәсіптік-техникалық мамандық иелерінің ерен еңбегін насихаттауға бағдарланатын болады.
89-шы қадам «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру деп аталады. Бұл қадамда мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік ел құндылықтарын енгізу қарастырылады. Бұл құндылықтар Қазақстанның тәуелсіздігі мен астанасы, қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, зайырлы қоғам және жоғары руханият, индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысу, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы екендігі белгілі. Ал мектеп қабырғасынан дәл осы құндылықтарды бойына сіңіріп өскен өскелең ұрпақтың Отаны үшін жанын беретін адал азамат болып өсері сөзсіз.
Қорыта айтқанда, Елбасымыз Қазақ елінің біртектігі мен бірлігін, тұтастығын сақтауды әр уақытта да қаперден шығарған емес. Бұл саясат Тәуелсіздіктің 20 жылдан астам уақыты ішінде өз жемісін берді десек артық емес. Өйткені, бұрынғы Кеңес Одағынан бөлініп шығып, оңаша отау тіккен елдердің барлығында дерлік осы уақыт аралығында ұлтаралық кикілжіңге ұласқан талай оқиғалардың орын алғаны белгілі. Ал татулық пен бірлікті ту еткен елімізде мұның бірі де болған жоқ. Елдің бірлігі мығым болды, ұлтаралық татулық тұрақтылығын сақтады. Қазақстан қарышты дамыды, әлемге танымал елге айналды. Бұл мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының жарқын жемісі екендігі сөзсіз.