Биткоин бағасы алғаш рет $111 мыңнан асты
АСТАНА. KAZINFORM – Бейсенбі күнгі сауда барысында биткоин тарихи максимумды жаңартып, алғаш рет $111 мың межесінен асты. Бұл АҚШ долларының әлсіреуі аясында болды, деп хабарлайды Report.

Трейдерлер криптовалюта болашағына бұрынғыдан да оптимистік көзқараспен қарап отыр. Бұған институционалдық сұраныстың артуы себеп болған.
Қазіргі уақытта биткоин $110,54 мың шамасында саудаланып жатыр. Бұл алдыңғы сессияның жабылуынан 1,7%-ға жоғары. Бұған дейін оның бағасы $111 878 деңгейіне жетіп, рекорд орнатқан болатын.
АҚШ Конгресінің Сенаты көпшілік дауыспен жаңартылған нұсқадағы GENIUS Act заң жобасын қолдады. Құжат стейблкоиндар – дәстүрлі валюталарға байланған криптоактивтерді федералдық деңгейде реттеуді қарастырады. Енді бұл заң жобасы әрі қарай талқылауға жіберіледі. Құжат осы аптада қабылдануы мүмкін деп болжанып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл заң цифрлық активтермен айналысатын компаниялар үшін реттеу саласында айқындық қалыптастырады.
Бұған дейін биткоин 105 мың долларға көтерілгенін жазған едік.