09:19, 06 Қаңтар 2020 | GMT +5
Биыл Ақтөбеде 2 мың пәтер беріледі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 2020 жылы Ақтөбеде аумағы 100 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беру жоспары бар. Бұл - 1999 пәтерден тұратын 4 тоғыз қабатты және 21 аз қабатты үй, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспаналарды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары арасында және «7-20-25» бағдарламасы аясында сату жоспарланып отыр. Бұл туралы кеше қала әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазанов айтып берді.
«2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында кезекте тұрған көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар 1400 отбасы жолдама алып, 485 отбасы баспаналы болды. Ақтөбе қаласы республика бойынша алғашқы үштіктен кірді. Қазір тағы 70 үміткер отбасының төлем қабілеті тексерілуде. Себебі 2020 жылы наурыз айында «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезеңі басталады», - деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.