Биыл Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебі тұңғыш түлектерін ұшырмақ (ФОТО)

Аталмыш білім ордасының ұстаздар қауымы үшін бұл ерекше күн болды, себебі, биыл мектеп қабырғасынан тұңғыш түлектері ұшырылмақ. Емтихандар нәтижелері бойынша бітірушілер тамаша білім деңгейлерін көрсете білді, олардың арасында тіпті, ЖОО студенті атанып үлгергендері де бар.
«Оқушыларымыздың көпшілігі Назарбаев университетіне, АҚШ, Чехия, Болгария, Ресей, Малайзия және Қытайдың жоғары оқу орындарына түскен», - дейді мектеп директорының орынбасары Гүлназ Ниязалина. Мектеп бітірушілер Кәмила Ахметова Гонконг политехникалық институтының студенті атанса, Жандос Жұмағазиев Санкт-Петербор политехникалық университетінде білім алу грантын жеңіп алған. Соңғы қоңырау салтанатында сөз сөйлеген білім ошағының директоры Сәуле Өмірбекова түрлі сайыстарда мектеп намысын қорғаған оқушыларға арнайы дипломдарды табыс етті. Айта кетейік, қазір Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінде 700-ден астам бала білім алады. Жалпы, биыл 6365 ақтөбелік мектеп бітіреді. Облыстағы 444 мектепте барлығы 122 мыңнан астам бала білім нәрімен сусындауда.