Биыл сапасы төмен жоғары оқу орындарын қысқарту жалғасын таппақ

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Соңғы екі жылдың ішінде Қазақстанда білім саласын қаржылындыру 1,3 трлн. теңгеге жеткен екен. Бұл көрсеткіш Жалпы ішкі өнімнің 4,2 пайызына жетіп отыр. Сонымен қатар ведомствоның жұмысы барысында алғаш рет өткен жылы қаржыны игеру көлемі 99,8 пайызға жетті.
None
None

Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәліметтерді айта келе, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өзінің құзырындағы ведомствоның атқарып жатқан өзге де жұмыстарынан хабардар етті.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгермейтіні мәлім болды. «Сол қалпында қалдырамыз. Бірақ, оның мазмұны 30-40 пайызға толығынан өзгертілетін болады. Оның ішінде логикалық сұрақтарға ерекше көңіл бөлінбек», - деді Б. Жұмағұлов.

Белгілі болғандай, 2015 жылдан бастап ҰБТ екі кезеңге бөлінеді. Атап айтқанда, біріншісінде Ұлттық бірыңғай тесті мектеп бітірушілерді қамтиды, ал кешенді тестілеу жоғары оқу орнына түсетін талапкерлерге жүргізілетін болады.

Айта кетейік, білім саласында 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. «Оның басты нәтижелеріне тоқталатын болсақ, ең бастысы мектепке дейінгі ұжымдарды ескеріп өткен жөн. «Балапан» бағдарламасы қабылданғаннан бері 2 жылдан астам уақыт өтті. Осы мерзімде балабақшалар мен шағын орталықтардың саны 4 мыңға өсті», - деді министр.

Республикада 8590 мектепке дейінгі ұйым (3128 балабақша мен 5462 шағын орталық) қызмет етеді екен, онда 644,3 мың бала тәлім алуда. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту өткен жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға өсіп, 71,5 пайызды құрады. Жалпы 2011 жылмен салыстырғанда желі 999 бірлікке ұлғайған көрінеді. «Балапан» бағдарламасын іске асырыла бастаған кезден бері балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 38,9 пайызға өсті.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан - 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатындағы міндеттердің бірі - балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтуды 2020 жылы 100% жеткізуді қамтамасыз ететін «Балапан-2020» бағдарламасын әзірлеу.

Мұнымен қоса білім беру жүйесін жаңартудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде 12 жылдық білімге көшуге басымдық берілуде. Бүгінде министрлік қажетті заңнамалық база әзірлеп, стратегиялық құжаттарды дайындап та үлгерді. Жалпы мектептерді 12 жылдыққа көшіру мәселесі 10 жылға жуық уақыттан беру талқыланып келе жатқаны белгілі. Эксперименттік мектептерде бүгінде аталған үдеріске ауысудың мерзімі аяқталуға жақындап қалды. Өткен жылы министрлік 12 жылдық білім беру бойынша эксперимент республиканың 104 мектебінің 9-10 сыныптарында жалғасатынын мәлімдеген болатын.

«Қазіргі кезде ол 10 сынып оқушыларының деңгейінде өтіп жатыр. Бұл сыныптарға арналған оқулықтарымыз да, стандарттарымыз да бар. Яғни барлығы дайын деп айтуға негіз бар. 2015 жылда біз 12 жылдыққа көшеміз деп күтіп отырмыз. Оған қазір министрлік тарапынан көп жұмыстар атқарылды»,-дейді Б. Жұмағұлов.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2015 жылы 12 жылдыққа көшкенімізбен, бұл үдеріс кем дегенде тағы 4 жылға таяу уақытты алады. Ол шамамен 2019-2020 жылға дейін жалғасып, осы жылдары 12 жылдықтың және 11 жылдық мектептің стандарттары жылжитын болады.

Атап айтқанда, 12 жылдық білім беруді қамтамасыз ететін қосымша 522 мектеп салу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде білім берудің инфрақұрылымын жақсартып, үш ауысымда оқытуды жоюға мүмкіндік береді деп жоспарлап отыр ведомство.

Осы тақырып аясында жақында Ақордада өткен кеңесте Елбасы Н. Назарбаев бүгінде Қазақстандағы 189 апаттық мектептің жағдайы бойынша мәселені сынға алған болатын. 92 мектепте 33 мың бала үш ауысымда оқуға мәжбүр.

Бұл тұрғыда бүгінгі брифингте Б. Жұмағұлов тиісті жоспар құрылғандығын, 1-2 жылдың ішінде үш ауысымдағы мектептер мен апатты оқу орындары ретке келтірілетінін сөз етті.

«Біз Болон процесіне кірдік және бұл өз кезегінде әлемдегі белгілі әдістемелерге көшуді, яғни белгілі стандарттармен жүруді көздейді. Сондықтан біз мектептегі 12 жылдық білім беруге көшуіміз керек. Дегенмен бұл тұрғыда ел ішінде «неге 12 жылдық мектепке көшуіміз керек?» деген сауалдар қойылып жатады. Атап айтқанда, әлемдегі белгілі дамыған елдерде 12 жылдық білім берудің жақсы тәжірибесі қалыптасқан», - дейді ведомство басшысы.

Бұдан кейін министр мырза тақырыпты жоғары оқу орындары мәселесіне бұрды. «Оқу орындарының арасында сапасы төмен жоғары оқу орындары бар. Осы орайда біз бұл бағыттағы жұмыстарды толығымен қарастырдық. Мәселен, былтыр 149 университеттің 10-ы жабылды. Биыл біз сапасы көңіл көншітпейтін оқу орындарын біріктіреміз немесе жабатын боламыз», - деді министр.

Бұдан бұрын Үкімет Қазақстандағы жоғары оқу орындарының барлығы бірдей білім сапасы мәселесін сайма-сай шешуі тиіс болуын жүктеген болатын. Мамандардың пікірінше, Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыру бағытында елеулі жұмыстар жасау қажет. Біздің жоғары оқу орындарын бітірген мамандар еңбек нарығында барынша сұранысқа ие болуы маңызды. Яғни, бұған мұқият көңіл бөлу қажет. Бұл орайда Білім және ғылым министрлігіне жүктелген міндеттің жүгі ауыр.

Соңғы жаңалықтар