Биыл ҰБТ тапсырушылар нені білуі керек
Биылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-ны жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз) тапсыруға болады. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін оқуға түсушілер маусым айында өтетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет. Жалпы, сынақты тапсыру форматында өзгеріс жоқ. Бұл норма жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілді.
«ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды қабылдау бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы 2018 жылғы 1-15 желтоқсан аралығында жүзеге асырылды. Нәтижесінде, тестілеуге қатысуға 35 838 адам өтініш білдірді, оның ішінде, қазақ тілінде - 25 615, орыс тілінде - 10 162, ағылшын тілінде - 61 оқушы. 2018 жылы ағылшын тілінде тек, 28 қатысушы білімін сынағанын атап өткен жөн. Тестілеуді ағылшын тілінде тапсырушылар санының көбеюі жылдан жылға оқушылардың шет тілді меңгеру деңгейінің артқандығын көрсетеді. Бұл көрсеткішке елімізде көптілді білім беру саясатының енгізілуі мен жастардың білім кеңістігінде әлемдік трендтерден қалыспауға деген ынтасының арқасында жетіп отырмыз»,-делінген хабарламада.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге жалпы білім беретін мектептердің 11 (12) сынып оқушылары, бірінші академиялық оқу кезеңін аяқтағанға дейін (шартты түрде қабылданған) ЖОО-ға қабылданған тұлғалар, сондай-ақ, шығармашылық мамандықтарда оқитын және басқа мамандықтарға ауысуға ниет білдірген студенттер қатысады.
Өңірлерге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 309 өкілі жіберіліп, апелляциялық комиссиялар құрылды, медициналық көмек көрсету пункттері ұйымдастырылды және тестілеу барысында қауіпсіздік қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қажет болған жағдайда жеке көмекшілер, сондай-ақ, сурдоаудармашылар ұсынылатын болады.
ҰБТ өткізу үшін жергілікті жерлерде 444 адамнан тұратын ұйымдастыру және өткізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына облыстар немесе республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінің өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.
Қаңтар айында өткізілетін сынақта 520 аудитория пайдаланылады. Барлық аудиториялар ұялы байланыс сигналдарын сөндіргіш құралдармен және бейнебақылаумен қамтамасыз етілген.