Биылдан бастап аса қауіпті тапсырманы орындаған құтқарушыларға 70% үстемеақы төленбек

«Құтқарушыларға және құтқарушы функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлерге денсаулыққа, өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты жұмысы үшін лауазымдық жалақының 70% мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Көрсетілген қосымша ақыны төлеу тәртібі мен шарттарын азаматтық қорғау саласындағы орталық атқарушы орган белгілейді. Жобаны қабылдау республикалық жедел-құтқару жасағының, апаттар медицинасы орталығының құтқарушыларына және құтқарушы функцияларын орындайтын «Қазселденқорғау» ММ негізгі персоналына қосымша ақы төлеуге мүмкіндік береді», - делінген қаулыда.
Құжатта мұны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен жалпы сомасы 7,4 млрд теңге қаражат қажет екені көрсетілген.
Атап айтқанда 2023 жылы - 2 млрд теңге, 2024 жылы – 2,4 млрд теңге, 2025 жылы - 3 млрд теңге.
Құжаттың түсіндірмесінде көрсетілгендей, бұл қаулы биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап атқарылған жұмысқа ақы төлеуде қолданылады.