Біздің нарықта қазақстандық кәсіпкерлердің көп болғанын қалаймыз – Түркияның Сыртқы істер министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 60%-ға өсті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездескен Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 60%-ға өсті. Биылғы көрсеткіштер де жаман емес. Алдағы мақсат - екіжақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу», - деді Хакан Фидан.
Ол сондай-ақ Түркия мемекеті Қазақстан экономикасына көп көлемде инвестиция бағыттап жатқан елдердің бірі екенін атап өтті.
«Біз бағыттаған жалпы инвестиция көлемі 5 млрд доллардан асады. Түркия Қазақстандағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі саналады. Біз қазақстандық кәсіпкерлердің Түркия нарығында көбірек болғанын қалаймыз. Сонымен бірге энергетика саласындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге ниеттіміз», - деп түйіндеді Хакан Фидан.
Айта кетейік, жыл басынан бері Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 3,6 млрд долларға жетті.