Біздің жұмыс көзге көрінбейді, себебі ота жабық өтеді – алматылық медбике

Ол операциялық мейірбике, талай адамның өмірін құтқарған кәсіби маман. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі адам жанын аман алып қалатын ерекше мамандық иесімен әңгімелескен құрған еді.
Сәтбаев қаласының тумасы Әсем Шильмурзинаның операциялық мейірбике ретінде 14 жылдық тәжірибесі бар. Еңбек жолын оқуды бітіре сала Қарағанды қаласындағы онкологиялық диспансерде медбике болып бастаған.
«Қазір Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың интервенциялық кардиология және эндоваскулярлық хирургия бөлімінде жұмыс істеймін. Жалпы Алматыға 2014 жылы көшіп келіп, А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиохирургия блогында ота медбикесі ретінде жұмыс істедім. 2015-2016 жылдары Германияда Ганновер қаласы Medizinische Hochschule Hannover институтында жүрек және өкпе трансплантациясы тақырыбында білім алдым. 2018 жылдан күні бүгінге дейін орталық клиникалық ауруханада еңбек етіп жатырмын», - дейді Әсем Шильмурзина.

Сонымен қатар жерлесіміз өткен жылы Грузияда American hospital Tbilisi-де «Мейірбике қызметіндегі аритмологияның өзекті мәселелері» тақырыбында біліктілігін арттырған.
Сондай-ақ, Әсем медицинаны таңдауына не себеп болғанын айтып берді.
«Барлығы бала күнімнен басталды. 12 жасымда әкемнен айрылдық, ол ұзақ ауырды. 10 жасымда әкемнің айтқан «қалауыңнан бас тартпа, мен әрдайым бірге боламын» деген сөзі әлі есімде. Әкемнің ұзақ ауруы мені көп нәрсеге үйретті. 10 жасымда қан қысымын өлшеуді үйреніп, систол, диастолдың не екенін ажырата білдім. Бірақ өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейді. Осылайша медицинаны ерекше ұнаттым. Қиыншылықтар мен эмоция мені осы салаға алып келді. Қиындық оны жеңу үшін беріледі деген бекер айтылмаған», - дейді ол.
Алматылық маман өз кәсібі арқылы адамдарға көмектескенді ұнататынын айтты.

«Операциялық мейірбикені пациент үнемі есінде сақтай қоймайды. Менің 93 жастағы әжеме ота жасалып, оған өзім қатысқаным мәңгі есімде қалады. Әжемде жедел коронарлық синдром анықталды және мүмкіндік аз болды. Біз қолдан келгенді жасадық. Аяқ астынан, мезгілсіз уақытта, ауыр жағдаймен түсетін пациенттер болады. Ота кезінде қобалжымаймын. Жалпы өмірде көп қобалжымайтын адаммын, сабырлымын. Ота сәтті жасалып науқас аман қалғанда, өзіңе риза болып, бақытты сезінесің. Себебі тағы бір адамның өмірі құтқарылды. Пациент отбасына, жақындарына және сүйікті жұмысына орала алады. Кейде барымызды салсақ та ауру жанды құтқара алмайтын жағдайда болады. Ондай жағдай бізге өте ауыр тиеді. Мұңайып, бірақ жұмысымызға қайта ораламыз», - дейді Ә. Шильмурзина.
Оның айтуынша, операциялық мейірбике көзге көрінбейтін майдандағы әскер секілді. Оның жұмысы көзге көріне қоймайды, себебі ота жабық есіктің ар жағында өтеді. Дегенмен ота медбикесі хирургтың оң қолы екенін ұмытпаған жөн.

«Отаның сәтті жасалауы тек хирург емес сонымен қатар операциялық мейірбикеге де қатысты. Біздің мамандығымыз ерекше. Маған біздің кәсібіміздің дамып келе жатқаны ұнайды. Сарапшылар айтқандай, мейірбике барып кел, шауып кел емес дипломы бар маман. Біздің мамандықты таңдағысы келетін жас түлектерге айтарым: жақсылап ойлан, бұл салаға не үшін келетініңді алдымен өзің түсініп ал. Ота медбикесі мамандығын кәсібін таңдайтын жандар белгілі бір қасиеттерге ие болуы керек. Атап айтқанда, мейірімді, өзгенің жан дертін түсіне білетін, қол ұшын созуға дайын тұратын, сезімтал, зейінді, ұқыпты және жауапты болуды талап етеді. Медбике адамның анатомиясы мен физиологиясы туралы терең білімге ие болуы тиіс. Шұғыл жағдайда науқасқа көмек көрсетіп, науқасты тыныштандыра алуы керек», - дейді мейірбике.