БҚО әкімі қиыршық тас өндіретін кен орнында болды

Жамантау кен орнында болған облыс әкімі Ғали Есқалиев жергілікті өнімнің пайдасы мол екендігін атап көрсетті.
Егер бұрын оңтүстік аудандарда республикалық маңызы бар жол құрылысына қиыршық тас пен құм-қиыршық тас қоспасы Ақтөбе облысынан тасылса, енді жергілікті өніммен толық қамтамасыз етуге болады. Бұл ретте оның бағасы да арзанға түседі.
Аталған кеніште «Жайықгидрогеология» ЖШС геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Зерттеу қорытындысы мұнда 3,25 млн тонна қиыршық тас және 600 мың тоннадай құм-қиыршық тас қоспасының қоры бар екендігін көрсетті.
Әкімнің сөзіне қарағанда, бұл өнімдер барлық құрылыс жұмыстарында қолданылады. Кеніш пайдаланылса, жаңа жұмыс орындарын ашып, мердігер ұйымдар үшін қолайлы жағдай жасауға және бюджетке салықтық түсімдер түсіруге мүмкіндік береді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Еркебұлан Жұмановтың айтуынша, қиыршық тас пен құм-қиыршық тас қоспасының сапасына, мердігерлердің пікір-пайымына ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылдың желтоқсанында мердігерлер кеніштен 11 мың тонна өнім алды.
Жер қойнауын пайдаланушы, «ATVS TECHNIC» компаниясының директоры Айбар Жалмишевтің мәлімдеуінше, қиыршық тас беріктігі жөнінен жол құрылысы жұмыстарында пайдалануға мүмкіндік береді. Оған қоса «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ құм-қиыршық тас қоспасын республикалық маңызы бар айналма жолдарда қолдануды мақұлдаған.
Мердігерлер құм-қиыршық тас қоспасын Оралдан ауданға дейін жеткізу құнын бір тонна үшін 9 мыңдай теңге тұратынын айтады. Ал кеніштен өнім тоннасына 2 мың теңгеден босатылуда. Бұрын Ақтөбеден қиыршық тас тоннасына 8 мың теңгеден жеткізілетін. Кеніш маңында өнім құны 1 км жолға әр тоннасы 20 теңгеден сәл асады.
Қазіргі таңда кеніште бір ауысымда 30 адам жұмыс істеуде. Вахталық әдіспен тәулік бойы жұмыс істеген жағдайда 90-дай адамды тартуға болады.
Жобаны жүзеге асыру үшін арнайы техника әкелген инвестор, «Милысай» ЖШС құрылтайшысы Владимир Семкиннің мәліметіне қарағанда, күні бүгін кеніште сағатына 300 тонна немесе тәулігіне 4 мыңдай тонна өнім шығаратын ұнтақтағыш машина жұмыс істеуде. Машина диаметрі 1 метрге дейін жететін тастарды ұнтақтай алады. Сондай-ақ басқа да керекті техникалар, яғни самосвал, экскаватор, тиеуші, бульдозерлер де бар.
«Кеніш қоры бірнеше жылға жетеді. Қосымша геологиялық барлау жұмыстары да жүргізілуі мүмкін. Болашақта Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында дайын өнімдер орнын жасау көзделуде. Сонда өнімді өз қажеті үшін жергілікті тұрғындар да сатып ала алады», деді А.Жалмишев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да алыс аудандарға жол салуға 20 млрд теңге қарастырылып отырғанын жазған болатынбыз.