БҚО әкімі Шыңғырлауда бірнеше нысанды аралап, аудан басшысының есептік кездесуіне қатысты

ОРАЛ. 13 ақпан. ҚазАқпарат - 12 ақпан күні Шыңғырлау ауданына келген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарын кәсіпкерлік нысандарды аралаудан бастады.
None
None

«Надежда» несие серіктестігінің басшысы А.Рудь әріптестерімен бірге 7 млн. теңге несие алып, аудан орталығында жылыжай құрылысын бастаған болатын. Жаңа технологияға негізделген бұл нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Өңір басшысы кәсіпкерге сапалы сортты тұқымды зеленовтық әріптестерінен алуды, ал жылыжайды дұрыс пайдалану бағытында теректілік кәсіпкерлермен тәжірибе алмасуды ұсынды.

Бұдан кейін облыс әкімі Л.Қылышев көшесінің бойындағы 2011-2012 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеуден өткен екі қабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар атқарылған жұмыстарға көңілдері толатындықтарын жеткізіп, аймақ басшысына көңіл бөлгені үшін алғыстарын білдірді.

Бірнеше жылдан бері берекелі істердің бастаушысы болып келе жатқан ауданға белгілі кәсіпкер Сәния Нәмиева биыл нан және кондитер өнімдерін өндіретін «Аружан» дүкенін ашқан болатын. Мұндағы тәтті тоқаштар мен түрлі кондитер өнімдерін шығаратын ресейлік және итальяндық қондырғылар орнатылған. Оларды алу үшін 3 млн. теңге жұмсалған. Күніне бүл дүкенде бес түрлі 800 дана нан пісіріліп, 7-8 түрлі кондитер өнімдері тұтынушыларға ұсынылады. Сонымен қатар коктейль мен торттарға тапсырыс беруге болады. Жеке кәсіпкер 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Н.Ноғаев жаңа істі батыл қолға алған кәсіпкердің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Шыңғырлау шекарада тұрған аудан болғандықтан, облыс әкімі шекарашылардың тыныс-тіршілігімен танысып, аудан орталығында өткен жылдың аяғында пайдалануға берілген жаңа үйлерді де аралап көрді.

Аудан әкімі Алдияр Халеловтің тұрғындармен есептік кездесуінде өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер айтылды.

«Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру, ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды батыл қолданысқа енгізу, халықтың сұраныс-тілегін ескере отырып, сол бағыттарды басшылыққа алу және несие серіктестігінің жұмыстарын жандандыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсете отырып, оны өрістету жолындағы жұмыстар өз нәтижесін берді», - деді аудан әкімі.

«Айталық, тұрғын үй саласы бойынша жыл аяғында жаңа 24 пәтердің кілті тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындармен қатар ауданға жұмысқа келген жас мамандарға берілді. Айта кетерлігі, осы құрылысты жүргізу кезінде еден тақтайлары, пластикалық терезелер, сыртқы және ішкі есіктер, кәрізге арналған сақиналарды аудан басында шығару қолға алынып, өз өнімдеріміз осы жұмыстарда қолданыс тапты. Ал үйлердің төбесін жабуға қажетті төбе жабындары және бұдан да басқа құрылыс заттары аудан орталығындағы темір жол қызметін ұтымды пайдалана білудің арқасында арзан бағаға Алматы қаласынан алдырылды. Сонымен қатар осы науқандық жұмыстар кезінде жергілікті тұрғындар мейлінше жұмысқа тартылып, тиісінше құрылыс саласында тәжірибе жинады. Мұның өзі осы салаға ден қойғалы отырған жандар үшін үлкен сабақ болғаны рас», - деді ол.

Сонымен қатар биылғы жылдан бастап ауданға «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келетін жас мамандар және жер телімдері бар, бірақ өз күштерімен үй салуға жағдайлары жоқ жандар үшін ескі үйлерді сатып алуға қаржы жұмсағаннан гөрі үкімет тарапынан берілетін несиеге бизнес өкілдер арқылы ұзақ мерзімді келісім шартқа отыру арқылы жаңа үйлер салу ісі қолға алынғалы отыр. Аудан орталығындағы сегіз көшені жарықтандыруға 36 млн. теңге қарастырылды.

Шыңғырлаудың халқы көп жылдар бойы таза ауыз суға мұқтаж болып келді. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 104 шақырым 863 метр ауылішілік су құбыры нысанының құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жалпы, Шыңғырлау ауылы бойынша су құбыры 1902 үйге кіргізілетін болады. Бүгінгі таңда 1500-ге жуық тұрғын үй таза ауыз суды пайдаланып отыр.

Елді мекендерді газдандыру жалғасуда. Өткен жыл соңында Тасмолаға «көгілдір отын» жеткізілсе, биыл Амангелді, Жіңішке елді мекендеріне кезек келмекші. 2015 жылға дейін ауданның барлық селолық округтерін газбен қамту көзделуде.

Есептік кездесуде басқа да өзекті мәселелер сөз болды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев еліміз Елбасының сарабдал саясаты арқасында әлемге танылып, зор табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтіп, жергілікті жерде атқарылуы тиіс басты жұмыстарға назар аударды. Әсіресе, Шыңғырлау - суы мол, шөбі шүйгін, мал ұстауға қолайлы өңір. Дегенмен бұл мүмкіндік толық пайдаланылып отырған жоқ. Сондықтан қазіргі заманғы талаптарға сәйкес асыл тұқымды мал басын көбейтіп, одан барынша мол өнім алудың маңызы зор.

Соңғы жаңалықтар