БҚО әкімі тұрғындар алдында есеп берді

Әкімнің есептік кездесуіне 600 адам қатысса, сонымен қатар 2 мыңнан астам адам онлайн режимінде тыңдап отырды.
Жұртшылық алдында баяндама жасаған облыс басшысы өткен жылдың басты қорытындысы есебінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын атап өтіп, елімізде, сондай-ақ өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Биыл облыста әкімдердің 450 есептік кездесуі өткізілді. Облыс басшысы аудандар мен Орал қаласы әкімдерінің қорытынды есептік кездесулеріне қатысты. «Барлық ұсыныстар мен ескертулер бойынша оларды іске асыру жөніндегі шаралар жоспары жасақталып, тұрғындарды жүйелі түрде хабардар етіп отыратын боламыз», деді әкім.
2012 жылы облыс тұрғындарынан 1301 ұсыныс және ескертпе түссе, олардың көпшілігі әлеуметтік сипаттағы мәселелер болды. Соның ішінде ауыз су, жолдар салу, білім, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу, күрделі жөндеу мәселелері, тұрғын үй, газдандыру және тағы басқалары. Келіп түскен сауалдар мен ұсыныстарды талдай келе, олардың 91-і бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Көптеген ұсыныстар бүгінгі күні оңды шешілді.
Өткен жылы 257 млрд. теңге мемлекеттік кіріс жиналса, соның ішінде 45,2 млрд. теңге облыс бюджетіне түсті. Бюджеттік шығыс 112 млрд. теңгеге жетсе, 17 млрд. теңгесі - даму шығыстары және күрделі шығындар. 2012 жылы 1 тұрғынға шаққандағы шығыс 181,5 мың теңгені құрады немесе алдыңғы жылғыдан 24 пайызға артық.
2013 жылдың бюджеті 109,3 млрд. теңге көлемінде бекітілсе, соның 66 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалмақшы. 18 млрд. теңге дамуға бағытталатын болады.
Облыс әкімі әр саладағы табыс-жетістіктермен қатар өзекті мәселелерге тоқтала отырып, орынбасарлары мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Баяндамадан кейін облыс басшысы жұртшылық сауалдарына жауап қайтарды.
Аймақ тұрғындары өңірде көптеген жұмыстар атқарылып отырғанын атап көрсетіп, облыс әкімінің есебін оң бағалады.