БҚО аудандарды жалғайтын жол сапасын жақсартып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында автожолдар мен теміржол вокзалдары жөндеуден өтіп жатыр. Жаңғырту жұмыстары туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев айтып берді.

Жол құрылысына арналған 191 технология цифрлық бірыңғай базаға тіркелді
Фото: Көлік министрлігі

Әкімнің айтуынша, 2023-2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облысқа 259 млрд теңге бөлінген.

– Осы қаражат есебінен барлық деңгейдегі 1 500 шақырым автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Соның ішінде 56 елді мекенде 560 шақырым болатын кіреберіс жол жөнделді. Облыс орталығы мен оңтүстік аудандар – Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы бағытындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы ұзындығы 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, бұл жобаға 82 млрд теңге қаржы бағытталды, - деді Н.Төреғалиев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар өңірлік туристік картаның ТОП-50 нысанына енген, республикалық маңызы бар «Хан Ордасы» мұражай-қорығына апаратын 21 шақырым жол жөндеуден өткізілді.

Оған қоса, облыс аумағында жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын 4 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Жаңа кейіпке енген вокзалдар заманауи сервиске сай жабдықталып, халыққа қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, БҚО ауылдарында 50-ден астам емхана, 22-ден астам мектеп ашылды.

«Қаладан ауылға» жобасы аясында мыңға жуық адам ауылға көшкен.

Соңғы жаңалықтар